Жаңалықтар

ҚазҰУ-да «Сәтті мансапқа бастама» атты бос орын жәрмеңкесі өтті

16.05.2013

16 мамыр күні әл-Фараби ғылыми кітапханасында Мансап және бизнес орталығының ұйымдастыруымен «Сәтті мансапқа бастама» атты ҚазҰУ-2013 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде Қазақстанның 50 ірі компанияларының бос жұмыс орындары мен стендтік сессиялары жұмыс жасады.


Университет студенттері мен 2013 жылғы бітірушілер жұмыс берушілердің ұсыныстарымен танысып, өз түйіндемелерін тапсырып, «GSM Казахстан», «KPMG», «Air Astana», «Кигок», «Қазмұнайгаз өнімдері», «P&G», «Кулан оил», «Казгидромет», АО «Хоум Кредит Банк», «Темірбанк», «Kaspi bank», «Халық банк», «Евразийский банк», «Тұрғынүйжинақ банк», «Казкоммерцбанк», ТОО «Филипп Моррис Казахстан», «Galaksi group» мемлекеттік мекемелер, ғылыми-зерттеу институттары және тағы да басқа ірі компаниялардың өкілдерімен тілдесу, кеңесу мүмкіндіктеріне ие болды. Жұмыс берушілер бос жұмыс орындарымен таныстырып, мекеме жайлы толық таныстырды.

- Кез келген жоғары оқу орны үшін түлектерінің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы басты көрсеткіш болып табылады. Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі түлектерге көмектесу және дұрыс жол тауып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік жасау негізінде ұйымдастырылып отыр. ҚазҰУ түлегі жұмыссыз қалмайды. Біздің университет түлектеріне сұраныс көп, - дейді жиынның алғы сөзінде ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов. Сондай-ақ жәрмеңкеге қатысқан компанияларға ризашылығын жеткізіп, ҚазҰУ студенттерін жұмысқа және өндірістік тәжірибеге тартуда белсенділіқ танытқаны үшін қатысушы компаниялар алғыс хатпен марапатталды.

«Мен бітіруші түлекпін, бүгін осы жәрмеңкеде көптеген компания өкілдерімен кездесіп, танысып, түйіндемемді беріп шықтым. Әсіресе, техникалық саладағы жұмыс берушілердің ұсыныстары қызықтырды. Болашақта өз мамандығым бойынша қызмет еткім келеді», - деді жәрмеңкеге келген ҚазҰУ химия және химиялық технологиялар факультетінің 4-курс студенті Арайлым Конкаева.

Бос жұмыс орындары жәрмеңке бағдарламасында: компания презентациялары, магистратура мен PhD доктарантура бағдарламалары, шет мемлекеттерде оқу бағдарламалары, Procter & Gamble Kazakhstan, HeadHunter Kazakhstan компаниялары, табысты мансап құру жөніндегі шеберлік сағаты өткізілді. Сондай-ақ, ҚазҰУ-дың имидждік өнімдерінің сатылымы болды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі