Жаңалықтар

«Серік Әбдірайымұлы оқуларының» жеңімпаздары анықталды

17.05.2013

Журналистика факультеті, баспа ісі және дизайн кафедрасы және Әбдірайымовтар әулетінің ұйымдастыруымен С.Әбдірайымұлының 70 жыл толуына байланысты «Серік Әбдірайымұлы оқулары» атты студенттік ғылыми және журналистік – публицистік жұмыс байқауы өтті.

Байқауда С.Әбдірайымұлы шығармашылығы мен өміріне арналған публицистикалық-журналистік туындыларға, оның шығармаларына теориялық таным тұрғысынан сараптама жасаған ғылыми жұмыстарға және С.Әбдірайымұлына арналған көркем туындыларға (проза, поэзия, драма, музыка, фото, суретке) бәйге жарияланды. Бәйге қорытындысы 15 мамыр күні журналистика факультетінің Серік Әбдірайымов атындағы дәрісханасында өтті. Бәйгеге қатысқан студенттік жұмыстарды «Санат» баспасының директоры Г.Серікқызы, баспа ісі және дизайн кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент С.Медеубек, жазушы, баспагер К.Сегізбаев, жазушы, «Жалын» баспасының директоры Б.Нұржекеев, ақын, жазушы Қ.Құрманғалиұлы, Серік Әбдірайымұлының ағасы Ж. Әбдірайымұлы мен жеңгесі Қ. Мәдіқызы, ф.ғ.к., доцент А.Құрманбаева, ф.ғ.к. Р.Әбдиева қазылық етті.

Комиссия мүшелерінің шешімі бойынша «Серік Әбдірайымұлы тағылымдары» атты конкурста бас жүлдені «Серік Әбдірайымұлы-баспагер, қайраткер» деген тақырыпта жасаған бейнесюжеті үшін баспа ісі және дизайн кафедрасының 2-курс студенттері Досжан Балабекұлы мен Теңге Бекмұрзаева иеленді. Сондай-ақ, конкурсқа қатысқан студенттер А.Әлімбекова, Қ.Сейдакулова, Ы.Ашуова, А.Сләмғажы, А.Исләмбектер Әбдірайымовтар әулеті тағайындаған «Серік Әбідрайымұлының» шәкіртақыларын иеленді.