Жаңалықтар

ҚазҰУ-да «Қазақ хандығының тарихы» атты жаңа сайт ашылды

02.08.2013

Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қазақ хандығының тарихы» атты ғылыми-көпшілік сипаттағы сайттың ашылу салтанатты рәсімі өтті (www.kaztar.kaznu.kz).

Алқалы жиынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов құттықтау сөзімен ашты. «Біз аз уақыт ішінде дербес ел ретінде танылдық. Тарихты қайта қарап, тек дерек жинамай, өркениеттегі үлесіміз қандай соны саралау, сараптауымыз қажет. Қазіргі уақытта тарихымызды болашаққа зерделеп, тарихшыларымыздың ұлттық сананы, ұлттық идеяны қалыптастыруда үлкен іс атқаруда. Іргелі университет ретінде аз уақытта біраз жетістіктерге жеттік: «Номад» орталығы (жетекшісі Т. Омарбеков), «Атилла» халықаралық орталығы құрылды, бүгін міне сайт ашып отырмыз. Бұл өскелең жеткіншектерге көп пайда береді деп сенемін. Қара шаңырақ ҚазҰУ осы бағытта өзін көрсете біледі», - деді өз сөзінде ректор.

Сайт ҚР мемлекеттік хатшысы М. Тәжиннің «Тарих толқынындағы халық» атты баяндамасындағы тұжырымдамаларды, көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру аясында, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарихшыларының тарих ғылымының дамуына атсалысуы болып табылады.

Сайттың жетекшісі - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Б.Б. Кәрібаев. Сайттың жұмысы және әрбір бөлімімен толық таныстырған профессор: «Сайт 6 блоктан тұрады. 1-блок – Қазақ хандары, 2-блок – Қазақ хандығының кезеңдері, 3-блок – Қазақ қоғамы, 4-блок – Қазақ хандығы және көрші мемлекеттер, 5-блок – Қазақ хандығы дәуіріндегі тұлғалар, 6-блок – Қазақ хандығы: деректер мен зерттеулер. Сайтқа 32-33 мақала енді. Әлі де толықтырылады. Және сайт оқырмандары үшін кері байланыспен тығыз жұмыс істейтін боламыз», - деді тұсаукесер барысында сайт жетекшісі. Салтанатты ашылуға жиналған тарихшылар таныстырылған сайтқа өз ойларын айтып, пікір бөлісті.

Бүгін сайт толық қазақ тілінде ашылды. Жарияланған барлық мәліметтер қазақ тілінде жазылған. Болашақта орыс және ағылшын тілінде де жүргізу көзделіп отыр.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі