Жаңалықтар

Үздіктердің үздік ойыны

16.08.2013

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Студенттік құрылыс жасағы жастар арасында бірнеше іс-шара өткізіп үлгерді. Жаз бойы спорттың бірнеше түрінен жарысып келе жатқан жасақ жауынгерлері бұл жолы волейбол ойынынан сайысты. Он шақты команданың ішінен белсенділік танытып физика-техникалық факультеті, фимия және химиялық технология факультеті, механика-математика факультеті және философия және саясаттану факультетінен жасақталған үздік 4 команда өзара бақ сынасты.

Волейболдан өткен СҚЖ-2013 сайысының жалпы қорытындысы: механика-математика факультеті командасы – 1-орын, химия және химиялық технология факультеті командасы – 2-орын, философия және саясаттану факультеті командасы – 3-орын иеленді. Сонымен қатар жекелеген үздіктер, көптеген әділ-қазылардың шешімімен сайыста белсенділік танытқан бірнеше студенттер марапатталды: Үздік ойыншы: Нұрболат Жанбусунов (Ойындағы үздік тактикалары, иллюзиялы әрекеттері, епті қимылдары үшін). Үздік қорғаушы: Азамат Мелдеханов (Ойындағы үздік қорғаныстары, жанкешті әрекеттері, қырағы қимылдары үшін). Үздік шабуылдаушы: Нұрболат Арнауытов (Ойындағы үздік шабуылы, жылдам әрекеттері, көз ілеспес қимылдары үшін). Үздік доп беру: Бауыржан Омар (Ойындағы үздік доп беруі, қауіпті соққылары, салмақты әрекеттері үшін). Үздік қыз ойыншы: Елнұр Абдулина (Ойындағы үздік қорғанысы, белсенді шабуылы, қатесіз доп беруі үшін). Үздік төреші: Бауыржан Бақытжанұлы (Ойындағы үздік төрелігі, әділ шешімі, айна-қатесіз байқағыштығы үшін). Үздік ұйымдастырушы: Ерболат Қасымов (Ойынды үздік ұйымдастырғаны, белсенді жоспарлағаны, сәтті өткізгені үшін).

Жұмағали Бейсенбайұлы, СҚЖ штабының жетекшісі: «Бүгінгі ойын жылдағыдан ерекше өтті. Көрермендердің арасында жанкүйер бола отырып, СҚЖ жауынгерлері арасында көптеген дарынды студенттер бар екенін байқадым. Әрине, ойынды студенттердің өздері ұйымдастырып отыр. Мұның өзі СҚЖ жауынгерлерінің қаншалықты белсенді екендіктерін байқатады. Ал, ойынға келетін болсақ, менің көңілімнен шықты. Ондаған команданың ішінен суырылып шығып, 4 команда өзара бәсекеге түсті. Ойын барысында олардың бір-бірінен қалыспайтынын білу қиын емес. Тек есептік көрсеткіш қана оларды айырып отырды. Міне, нәтижесінде, былтыр да чемпион болған механика-математика факультетінің командасы биыл да жеңіске жетіп, чемпион атанып отыр. Әрине, бүгінгі жеңімпаз командаларды, жекелеген үздік ойыншыларды, үздік ұйымдастырушыларды СҚЖ-ның бітіру кешінде марапаттайтын боламыз».

Студенттік құрылыс жасағы штабы