Жаңалықтар

ҚазҰУ белсенділері велошеруге қатысты

14.09.2013

Алматыда қыркүйек айының үшінші жексенбісі Қала күні болып белгіленген. Ару қаланың төл мерекесін халық та жыл сайын көтеріңкі көңіл күймен атап өтеді. Мерекелік шара бұл жолы да өзіндік ерекшелігімен өткені рас. Соның бірі қала күніне арнайы ұйымдастырылған велошеру еді. Бұл шараға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.Мұтанов бастаған ұстаздар, оқытушылар және студенттер қосылып, бас-аяғы 50-ге жуық ҚазҰУ-лық, жарыс толқынына қосылды.

Велошеру әл-Фараби даңғылы мен Тәттімбет көшелерінің қиылысынан бастап, әл-Фараби даңғылы бойымен Науаи, Мұстафин көшелеріне дейін жалғасты. Ал, Тұңғыш Президент саябағы велошерудің негізгі мәресі болатын. Шеруге қатысушы қала тұрғындары, студенттер өздерінің белсенділіктерін көрсетті.

Мәреге алғашқылардың бірі болып әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы жетті. Бұл шарада Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов алғы сөз сөйледі.

Мерекелік шеруге белгілі велоша­бандоз, әлем чемпионы Марат Саты­балдиев, стенд атудан Азия чемпионатының күміс жүлдегері Жания Айдарханова және әйелдер спорт клубының өкілдері және т.б. қатысты. Шеруде «Ең белсенді досымыз», «Ең жас шабандозшы», «Ең үздік отбасы», «Ең көп ұжым», «Ең керемет шабандозшы», «Ең керемет велосипед иесі» сынды номинациялармен шеруде көзге түскен белсенді топтар түрлі сый-сыяпаттармен марапатталды.

Әсіресе, қала әкімі үлкен ризашылықпен велошеруге қатысқан ҚазҰУ-лықтарды «Ең үздік ұжым» номинациясымен марапаттады. Бұл жарысқа қатысқан біз сияқты ҚазҰУ студенттерінің жүрегінде ерекше әсер қалдырды. Ал, осындай шараға ҚазҰУ-дың ең белсенді студенттерін арнайы қатысуға шақырған ректор Ғ.Мұтановқа алғыс білдіреміз.

Алматы қаласы экономикалық жағынан дамуымен бірге, ол бұқаралық спортты қолдайтын салауатты қала болмақ. Соның жарқын көрінісі ретінде осы велошеруді айтуымызға болады.Туған күніңмен, әсем Алматы!

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі