Жаңалықтар

Дәстүрлі студенттер қатарына қабылдау рәсімі өтті

28.09.2013

Ө.А.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы алаңында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1-курс студенттерін дәстүрлі студенттер қатарына қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов, университет басшылығы мен ұжымы толық қатысты. Ақжарма кештің шымылдығын ашқан жүргізушілердің әсем сөздерінен кейін, унивреситет ректоры Ғ.М.Мұтанов студенттер қатарына қабылдау күнімен құттықтады.


Ақ тілектің тетігін ағытып, білімгерлерге кеңес бере келген университет ректоры Ғ.М.Мұтанов: «Бүгін біз 80 жыл тарихы қалыптасқан дәстүр бойынша, 1 курс студенттерін қабылдау кешін салтанатты түрде өткізіп отырмыз. Бұл күн, ең бір есте қалатын, елеулі, ерекше күн, болашаққа жол ашылған, шуақты күн. Кешегі мектеп оқушыларының, бүгінгі студент атанып отырған нұрлы сәті. Сіздер ең дұрыс шешім қабылдап, ҚазҰУ-ды таңдадыңыздар. Өйткені, ҚазҰУ түлектері үлкен биіктерде өз білімдерін елдің, жердің тіршілігіне жалғап, жалғастырып отырған белді білімді азаматтар тәрбиелеген шаңырақ. Сіздер дұрыс таңдау жасадыңыздар, енді тек үлкен еңбекке шақырамын. Сіздер бәсекеге қабілетті маман болып шығасыздар, мен соған сенемін. Алғашқы қадамдарыңызға сәттілік тілеймін! Енді сіздер, университетте ғана емес, еліміздің бетке ұстар мақтаныштары болуларыңызға тілектеспін!»,-деді.

«Білім бере отырып зерттеп, зерттей отырып білім береміз»,- деген қағидаға сүйенетін университет еліміздегі ЖОО-ның көшбасшысы. Көшбасшы университетке қадам басып отырған 1 курс студенттері сол қағиданың аясында сапалы білім алатын болашақ мамандарымыз. Кеште дәстүрлі университет белгісін химия және химиялық технология факультетінің 4 курс студенті Қайрат Кеңес механика-математика факульетінің 1 курс студенті Әйгерім Нысановаға, ҚазҰУ-дың «Өнер символын» философия және саясаттану факультетінің 2 курс магистранты Әлібек Мұхамеджанов география және табиғатты пайдалану факультетінің 1 курс студенті Айым Эрнетқызына ұсынды. Ал, студенттік билетті университетіміздің бірінші проректоры МұқамбетқалиБүркітбаев экономика және бизнес жоғары мектебінің 1 курс студенті Әйгерім Ермұхаметова мен халықаралық қатынастар факультетінің 1 курс студенті Иманғали Ысқаққа салтантты түрде табыстады.

Қабылдау кешінде ҚазҰУ - «спорт жанашыры», «білім кемесі», «жастар қолдаушысы» сынды бейнекөрсетілімдер де қалыс қалмады. Және ҚазҰУ дипломының өзіндік сапа кіліті екендігін айшықтайтын басқа да көріністер мен театрландырылған би қойылымдары, студенттік хор, оркестрмен сүйемелденген қазақтың көңілашар күйлері мен ҚазҰУ-дың әнұраны жиналған жұртқа ерекше рух сыйлады. Кеш соңы алғашқы студенттік вальс пен еліміздің өнер жұлдыздарының орындауындағы концерттік кешке ұласты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі