Жаңалықтар

Қадамың құтты болсын!

30.09.2013

«Жастар таңдауы - ҚазҰУ» деп келген кешегі талапкер, бүгінгі бірінші курс студенттері «студент» атанып, қызықты студенттік өмірлерін бастап та кетті. Студенттер ҚазҰУ қалашығы, мұражайы, әл-Фараби кітапханасымен танысып, алғашқы сезімдерімен бөлісті. Алдыңғы буын кейінгі буынға жол сілтеп, білгендерін үйрету және студенттер бір-бірімен танысу мақсатында «Қадамың құтты болсын!» атты «Метеорология» мамандығының бірінші курс студенттерін Студенттер қатарына қабылдау іс-шарасы табиғат аясында өткізілді.

География және табиғатты пайдалану факультеті, Метеорология және гидрология кафедрасының екінші курс студенттері ұйымдастыруымен өткізілген бұл іс-шара дәстүрлі кеш түрінде емес, табиғат аясындағы достық кездесу түрінде өтті. Игі іс-шараның мақсаты студенттердің бір-бірімен таныстығын арттырумен қатар, Алматы қаласының әсем табиғатымен таныстыру болды. Алмаарасан тау бөктерінде әр түрлі ойындар ойнатылып, қиыны мен қызығы мол студенттік өмірдің қыр-сырлары айтылды. Болашақ «Метеоролог» жастарға мамандық туралы кіріспе түсіндірме берілді. Екінші курс студенттері арттарынан ерген іні-қарындастарына сәт-сапар тілеп, табиғат аясындағы достық кездесуі ән-би кешімен жалғасты.

Метеорология және гидрология кафедрасы