Жаңалықтар

ҚазҰУ студенттері балаларға Жаңа жылдық мереке сыйлады

09.01.2014

«Балаларға Жаңа жыл сыйлаймыз!» мерекелік акциясы жыл сайын жақсы дәстүрге айналып келеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттері «Альтернативті білім беру орталығы» қоғамдық қорының «Жастар жетістіктері» және «Шеврон» компаниясымен бірлесіп ҚР ДМ қарасты балалар хирургиясы мен педиатрия Ғылыми орталығының онкологиялық бөлімдерінде емделіп жатқан балалар үшін Жаңа жылдық мерекелік шараларды ұйымдастырды.


Жаңа жыл мерекесінде балаларға қонаққа олардың сүйікті ертегілерінің кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақар келіп, олармен бірге ән салып, би биледі, түрлі қызықты ойындар мен конкурстарға қатысты. Дәрігерлер де ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, балалар үшін күлкі мен мерекелік көңіл-күй – балаларды емдеудегі өте пайдалы әрі қажетті дәрі екендігін атап өтті. Жаңа жылдық мереке аясында осы жерде емделіп жатқан 70 бала қуаныш пен жылылықтың жоғары «дозасына» ие болып, қамкөңіл балалардың көңілі бір серпіліп қалды.

Ұйымдастырушылар осы игі шараны өткізуге белсенді ат салысқан дипломатиялық аударма кафедрасының қызметкерлері Рахимбердинова Р.М., Жамбылқызы М., және жалпы және этникалық психология кафедрасының қызметкерлері Файзуллина А.К., сондай-ақ, біздің волонтерлеріміз – философия және саясаттану, халықаралық қатынастар факультетінің студенттеріне өздерінің шексіз алғыс сезімін білдіреді.

Жалпы және этникалық психология кафедрасы