Жаңалықтар

Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 80 жыл толды

15.01.2014

Бүгін еліміздің жетекші университеті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 80 жыл толды.

1934 жылдың 15 қаңтарында оқытушы-профессорлар құрамы туралы және алғашқы 54 студентті физика-математикалық және биологиялық факультеттерге қабылдау туралы бұйрық қабылданды.

Сол уақыттан бастап ҚазҰУ Қазақстан экономикасының, мәдениетінің, ғылымы мен білім саласының қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосып, біздің еліміздің барлық жоғары мектеп жүйесінің тірегіне, барлық Ортаазиялық аймақ бойынша кадрлардың ірі ұстаханасына айналды. Жоғары білім сапасы, халықаралық танымалдылық, ғылыми және зерттеу қызметтерінің, инновацияның белсенділігі, мықты оқытушы-профессорлар құрамы және талантты түлектер – бүгінде, міне, ҚазҰУ-дың мақтанышына айналды.

Соңғы жылдардағы менеджмент жүйесіне, оқу-тәрбие үдерісіне және ғылыми зерттеуге енгізілген инновациялар халықаралық рейтингіде секіріс жасауға мүмкіндік берді. Университет 2013 жылы Орта Азия және Қазақстан жоғары оқу орындары арасында бірінші болып QS World Universiti Rankings халықаралық рейтингісіне еніп, дүние жүзіне мойындалған 800 университет арасында 299-орынды бағындырып, әлемнің үздік топ-300 университеттері құрамына енді. Бұл топқа ТМД елдері ЖОО-лары арасында тек – Ломоносов атындағы ММУ, Санкт-Петербор университеті және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғана енді.

Бүгінде ҚазҰУ – еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ алыс және жақын шетелден келген 20 мыңға жуық студент білім алып жатқан Қазақстанның ең ірі университеті. Университет 14 фа­культетте 180 мамандық бойынша бакалавр, магистратура, докторантурада мамандар даярлауда. Мұнда ЖОО-ның бірегей интеллектуалдық әлеуетінен хабар беретін ғалымдар шоғырланған. Құрамында мыңнан астам доктор мен ғылым кан­дидаты, профессорлар мен доценттер, 60-тан астам академиктер, 70-тен астам мемлекеттік және атаулы сыйлықтардың лауреаттары бар жоғары білікті 2000 оқытушы маман даярлайды.

80 жылдық мерейтой жылында бірнеше ірі іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Соның бірі осы жылдың мамыр айында ҚазҰУ базасында Азия аймағы елдері университеттері ректорларының ІІІ форумы өтеді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі