Жаңалықтар

Жастардың шығармашылығы шыңдалды

04.02.2014

Журналистика факультетінің ұйымдастыруымен қарашаңырақ ҚазҰУ-дың 80-жылдық мерейтойына арналған «Коммуникация – бәріне: шығармашылық идеялар мен технологияларды басқару өнері» атты І Халықаралық Журналистика және Коммуникация Қысқы Мектебі өтті.

Бұл жобаның авторы әрі жетекшісі - с.ғ.д., профессор, «Медиасфера» гуманитарлық зерттеулер ғылыми орталығының директоры Гүлмира Сұлтанбаева. Аталған іс-шара Алматы облысы, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық саябағына қарасты «Тау-Тұран» Білім беру-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылды.

Қысқы мектеп негізінен «Медиасфера» гуманитарлық зерттеулер ғылыми орталығының басшылығымен және ҚР БҰҰ Қоғамдық ақпарат департаментінің қолдауымен өтті. Ашылу салтанатында Алматыдағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының басшысы Властимил Самек мырза қатысушыларға сәттілік тілеп, білім жетілдіретін осындай мектептердің өтуі жастардың жан-жақты маман болып қалыптасуына пайдасының көп екендігін айтып өтті.

Жалпы Қысқы мектепке «журналистика», «халықаралық журналистика», «қоғаммен байланыс орнату», «ақпараттық жүйелер», «математикалық және компьютерлік үлгілеу», «мәдениеттану», «саясаттану» мамандықтары бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Тұран университетінің студенттері және қалалық №2 Дарынды балалар мектебінің оқушылары қатысты. Қысқы мектеп жұмысы үш күн бойы шығармашылықпен айналысатын жастарға арналған арнайы бағдарлама бойынша жүргізілді.

Журналистика Қысқы мектебінің негізгі мақсаты: шығармашылық идеялар мен ақпараттық оқиғаларды жариялау мен таныту барысында жаңа технологиялар мен инновациялық әдіс-тәсілдерді пайдалануда жаңа білімдер мен тәжірибелік дағдыларды игеру болып табылады.

Қысқы мектеп жұмысы барысында дәрістер оқылып, кейстердің шешімдерін табу жолдары қарастырылды. Жеке және топтық тәжірибелік сабақтар өткізілді, кәсіби кеңестер берілді.

Шеберлік сағаттарын елімізге танымал мамандар мен профессор, ғалымдар жүргізді. Мәселен, Ыбраева Ғалия – с.ғ.д., профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Бірінші Проректор Кеңесшісі, Ахметова Лайла – т.ғ.д., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЮНЕСКО орталығының директоры, Абазов Рафис – PhD, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шақырылған дәріскер, Колумбия университетінің профессоры, АҚШ, Велитченко Светлана – ф.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, «Білім» телеарнасының редакторы, Кәкібаланов Серікқазы – Ұлттық Интернет Ассоциациясының Президенті, Әбдірайым Асылхан – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, «ФОТОӨНЕР» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ложникова Ольга – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, Данченко Анна – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD докторанты, «31» телеарнасының продюсері, Қалымбет Азамат – тележурналист, «Қазавтожол» АҚ баспасөз-хатшысы, Бұхарбаев Мұхамедәлі – «Қазақ радиосының» саяси шолушысы, Азанбек Ербол – АҚ KaspiBank PR-менеджері, Әміржан Лаззат – «Woolim Construction» қоғаммен байланыс, БАҚ және жарнама департаментінің басшысы т.б. кәсіби мамандар сабақ өткізді. Қарастырылған тақырыптар аясында «Жаңалық жазуды неден бастау керек?», «Фотосурет және бейне материалдармен жұмыс», «Журналистің интернет құралдары», «Радио және дыбыспен жұмыс», «Медиа-заңнама және этика», «Визуализация немесе модельдеу», «Даралық және дербестік», «Сандық дәуірдегі журналистика» мәселелері талқыланды. Сонымен қатар әдістемелік жинақ жарық көрді.

Барлық қатысушыларға біліктілікті арттыру курсын тәмамдағаны туралы куәлік берілді. Қысқы журналистика мектебінің жастарға берер пайдасы мол болды. Кәсіби мамандармен бірлескен жобалар жасау мүмкіндіктері туындады.


Журналистика факультеті