Жаңалықтар

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Францияның Қазақстандағы елшісі сапармен келді

13.03.2014

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Фрэнсис Этьен және «Geo-energy» франко-қазақ зерттеу орталығының директоры Пегги Скремин келді.


Кездесуге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарапынан ректор Ғ. Мұтанов, оқу ісі жөніндегі проректор Д. Ахмед-Заки, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры А. Смаилова, Халықаралық қатынастар факультетінің деканы К. Шакиров, Механика және математика факультетінің Механика кафедрасының меңгерушісі А. Қалтаев, Халықаралық қатынастар және әлем экономикасы кафедрасының профессоры К. Байзақова қатысты.

Француз делегациясы сапарының мақсаты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Франция жоғары оқу орындары арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты білім және ғылым саласындағы бар ара-қатынасты жаңа сапалы мазмұнмен толтыру арқылы нығайтуға бағытталған.

Өзінің іс-сапарын Елші мырза әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мұражайы мен Механика және математика факультетінде орналасқан «Гео-энергетика» орталығына экскурсиядан бастады.

Ректор Ғалым Мұтанов кездесуді бастамас бұрын француз серіктестермен бірқатар перспективті салалардағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екендігін, сондай-ақ инновация мен ғылымды дамыту саласында жаңа жобалардың бастамасы бар екендігін атап өтті.

Франция Елшісі: «Қазақстан мен Франция арасындағы білім мен ғылым саласындағы қатынастар жылдан жылға нығайып, жаңа белестерді бағындырып жатыр. Елшілік осы ретте өз тарапынан барлық қажетті көмек көрсетуге дайын». Әсіресе француз тарапы Қазақстанның беделді оқу орны - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты нығайту мәселесіне аса қызығушылық танытатындығына ерекше тоқталып өтті.

Кездесу барысында Елші әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанында қайта жаңартылатын энергия бойынша зертхана ашу туралы ұсыныс жасады.

Елші мырза бұл бастама екі ел үкіметтерінің қолдауын тапқанын айтып, қазақстандық университеттермен, әсіресе әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты кеңейту Қазақстан мен Франция Елбасылары кездесуінің күн тәртібіне қойылатынын және ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты мемлекеттік деңгейге көтеруге мүдделілігін ерекше атап өтті.

Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық тақырыбын талқылау Елші мырзаның әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранттарына арналған «What does “French Diplomacy” mean»/«Француз дипломатиясы деген не?» атты дәрісінде одан әрі жалғасын тапты.

ХЫД