Жаңалықтар

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Түркияның Жүніс Әміре Институты арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды

30.04.2014

Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, профессор, академик Ғ. Мұтанов Анкара қаласындағы Жүніс Әміре Институтының төрағасы Хаяты Девели мырзамен кездесті.

Кездесудің мақсаты – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Жүніс Әміре Институты (Түркия) арасында ынтымақтастық меморандумына қол қою болып табылады.

Ынтымақтастық туралы меморандум екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту, өзара түсіністікті дамыту, мәдени және ғылыми байланыстарды нығайту мақсатын көздейді. Меморандум Түркияны, Түркияның мәдени мұрасын, түрік тілін және өнерін танытуды мақсат тұтады. Сондай-ақ, Меморандум ҚазҰУ негізінде Жүніс Әміре атындағы түрік тілі дәрісханасын ашуды және аталмыш дәрісханада Институт жіберген шығармалардан құралған Түрік кітапханасын ашуды көздейді.

Жүніс Әміре Институты Түркия Республикасының Президенті Абдулла Гүлдің бастамасымен ашылған. Аталмыш мәдени орталықтың қызметі Қазақстан мен Түркия халықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайту және екіжақты достастық байланыстарды дамытуға бағытталған.

ХЫД