Жаңалықтар

ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов Жеңіс күні қарсаңында ҰОС ардагерлерін құттықтады

06.05.2014

Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жыл сайынғы дәстүр бойынша Жеңіс күні қарсаңында соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған салтанатты құттықтау рәсімі өтті.

Ардагерлерге арналған салтанатты жиынды университет ректоры Ғалым Мұтанов құттықтау сөзімен ашты. «Биыл біздің университетке 80 жыл толып отыр. Университет байлығы – ақсақалдар, ардагерлер. Қалыптасқан дәстүр бойынша Жеңіс күні алдында бас қосып отырмыз. Жыл өткен сайын, уақыт өткен сайын үлкен ата-апаларымыз қатары сиреп барады. Біздер үшін әрқайсыңыз қымбатсыздар. Аман-сау болыңыздар, ғұмырларыңыз ұзақ болсын. Мерейтой бүгіннен басталады», - деді ректор құттықтау сөзінде. Тамақтандыру комбинатында жайылған дастархан басында ардагерлердің бір-бірімен еркін араласып, көңілді тарқасуына барлық жағдай қарастырылды.

Тәрбие жұмысы департаментінің ұйымдастыруымен студенттер дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Ән айтылып, күй тартылды, би биленді. Ардагерлер ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Іс-шараға университет басшылығы, университетте білім алған соғыс және еңбек ардагерлері, ауған соғысына қатысушылар, университетке еңбегі сіңген қайраткерлер қатысты.

Университет басшылығы өз ардагерлеріне құрмет көрсетіп, материалдық жағынан қолдау танытты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі