Жаңалықтар

Қасиетті қарашаңырақтың мерейтойына арналған шығармашылық байқау

20.05.2014

Қасиетті қарашаңырақ ҚазҰУ-дың 80 жылдық мерейтойына орай журналистика факультеті, баспа ісі және дизайн кафедрасының ұстаздары мен студенттік оқу-тәжірибелік «Шуақ» жастар журналы университеттік шығармашылық байқауының қорытындысын жариялады.


Байқау университет көлемінде жүргізіліп, студенттер 8 тақырыптың біреуіне шығарма жазып, байқау ұйымдастырушыларына жолдаған болатын. Жастар байқаумен баспа ісі және дизайн кафедрасының әлеуметтік желілері арқылы танысып, белсене атсалысты. 20-ға жуық үздік шығарма сараланып, 3 жеңімпаздың шығармашылық еңбегі ерекше аталды. Тыңнан түрен шыққан студенттердің тырнақалды туындыларынан айтар ой мен жеткізер пікірдің молдығын аңғаруға болады. Мамандығы мен факультеті басқа болса да, шығармашылық қабілеттері ұшқыр жастар баспа ісі және дизайн кафедрасының жалпы әдістемелік жиналысында марапатталды. Оларды баспа ісі және дизайн кафедрасының меңгерушісі Сағатбек Медеубекұлы шын жүректен құттықтап, ақ тілегін білдірді. Ал, байқауды ұйымдастыруға белсене қатысқан кафедра ұстаздары Б.Әсембаева, Р.Әбдиева, Б.Омарова, М.Майлықұтова және «Шуақ» студенттік оқу-тәжірибелік жастар журналынының бас редакторы Д. Балабекұлы жұмыстардың ерекшеліктерін атап өтіп, салтанатты түрде марапаттау рәсімін бастады.

80 жылдық мерейтойға арнайы ұйымдастырылған байқауда 3 орынға баспа ісі және дизайн кафедрасының 1 курс студенті Сейдраманова Дана, 2 орынға биофизика және биомедицина кафедрасының 4 курс студенті Артыққызы Талшын, ал 1 орынға экономика және бизнес жоғары мектебінің 1 курс студенті Талап Сымбат ие болды. Жеңімпаздарға ұстаздар тарапынан ақшалай сыйлықтар мен арнаулы сертифкаттар табысталды. Байқау жеңімпаздарының үздік шығармалары ҚазҰУ-дың студенттік «Шуақ» оқу-тәжірибелік жастар журналының 80 жылдық мерейтойға арнаған арнаулы шығарылымында жарияланады.