Жаңалықтар

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 80 жылдығына арналған мерейтой онкүндігі аясында «Интеллектуалды ұлттан интеллектуалды оқуға» ұранымен «AlmatyBookExpo» халықаралық көрме-жәрмеңкесі өтеді

27.05.2014

29-30 мамырда сағ. 9:00-да әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 80 жылдығына арналған мерейтой онкүндігі аясында (университет ректоратының алдындағы алаңда) «Интеллектуалды ұлттан интеллектуалды оқуға» ұранымен «AlmatyBookExpo» халықаралық көрме-жәрмеңкесі өтеді.


Шараны ұйымдастырып отырған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚР Кітап палатасы, «Нұр Отан» партиясы, Қазақстанның Жазушылар одағы және Баспагерлер мен кітап таратушылар қауымдастығы.

Кітап көрме-жәрмеңкесі оқырмандарды, отандық және шетелдік баспагерлерді, Қазақстанның, Түркияның, Иранның, Қытай және Өзбекстанның әдеби агенттерін, кітап саудасымен айналысатын ұйымдарын жинамақ. Жәрмеңкенің бағдарламасы алуан түрлі. Онда Олжас Сүлейменов, Роллан Сейсенбаев, Смағұл Елубай, Жарас Сәрсек, Сұлтан Қалиұлы және т.б. секілді белгілі қазақстандық және шетелдік ақындар және жазушылармен кездесулер өткізіледі. Реза Давари Ардаканидың «Фараби – ислам философиясының негізін салушы», О. Сүлейменовтың «Сөз коды», М. Әбиевтің, А. Майкөзованың «Қазақстан арманы», А.П. Мамрайымовтың «Ұлы жібек жолы» кітаптарының, Г.В. Канның «Қазақстан тарихы» оқулығының, ҚР БҒМ Философия, саясаттану және дінтану институтының, Гёте институтының, ҚР БҒМ Ғылыми кітапханасы басылымдарының тұсауы кесіледі. Жоғары оқу орнының үздік баспасы «Қазақ университеті» баспасының www.magkaznu.com сайтының, «Казконтент» әдеби порталының, 2014 жылы қарашада Алматыда өтетін «Open Central Asia Book Forum & Literature Festival» халықаралық әдеби фестивальдың тұсаукесері, НР латексті принтерлермен жұмыс істеу бойынша мастер-кластар, кітап жасаудағы Konica Minolta кешенді сандық шешімдерінің тұсаукесері, сұрақ-жауап сайыстары мен түрлі байқаулар өткізіеді. «Рухани құндылықты сақтаудағы және ұлттың интеллектуалды әлеуетін арттырудағы кітаптың рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция және номанициялар бойынша ҚР кітап ісінің дамуына қосқан үлесі үшін медальдар, жетекші баспаларға гран-при және дипломдар табысталып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылары арасындағы және студенттер арасындағы «Жауқазын» байқауларының қорытындысы шығарылады.

Кітап жәрмеңкесі барысында оған қатысушылар кітап әлеміндегі жаңалықтар, баспа бизнесін дамыту саласындағы үрдістер туралы ақпарат алып, қызығушылық тудырған басылымдарын сатып алып, әріптестерімен пікір алмасып, баспалармен келісімшарттарға қол қоя алады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі