Жаңалықтар

Корейтану және жапонтану кафедрасында Global Class-тың ашылу салтанаты өтті

20.05.2014

2014 жылдың 15 мамыр күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде Корей қорының (Korea Foundation) гранттық қолдауымен корейтану және жапонтану кафедрасында Global Class-тың ашылу салтанаты болды.

Ашылу салтанатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Д.Ж. Ахмед-Заки, Корея Республикасының Қазақстандағы Бас консулы Сон Чхи Кын, шығыстану факультетінің деканы Б.Н. Жұбатова, Корей қорының өкілі Ха Хосон, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы халықаралық корейтану орталығының директоры Г.Н. Ким, корейтану және жапонтану кафедрасының студенттері құттықтау сөздерін айтып, игі тілектерін білдірді. Сондай-ақ онлайн режимде Ханян университетінің АТА (Азиялық Тынық мұхит аумағы) Институтының директоры Ом Гу Хо мырза құттықтау сөзін жолдады.

Global Class – онлайн бейне-лекциялар, бейне-конференциялар мен семинарлар өткізуге арналған арнайы жабдықталған дәрісхана. Онлайн оқыту заманауи білім беруде басты трендтердің бірі. Білім беру өнімділігінің көтерілуі, күндізгі бөлімде оқытумен байланысты шығындардың төмендеуі, білім беруге жұмсалатын шығындардың азаюы мен білім алмасудың жақсаруы – онлайн режимде оқытудың артықшылықтары болып табылады.

2013 жылдан бастап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың корейтану және жапонтану кафедрасы Ханян Университетімен (Корея Республикасы) бірігіп, Корей қорының қаржылай қолдауымен «Global e-school» онлайн білім беру жобасын жүзеге асыруда. 2013 жылдың мамыр айынан бері Ханян университеті, Кореяның шетелдік зерттеулер университеті (HUFS), Йонсей университеті профессорлары корей және ағылшын тілдерінде бес курс оқыды. Олар: «Business Korean», «Korean Art and Philosophy» «Korean Language and Korean Culture» «K-culture: Modern Korean Cultural Contents», «Korea Economic Development». Аталған курстар шеңберінде шығыстану факультеті мен халықаралық қатынастар факультетінің 40 шақты студент алған білімдеріне сәйкес сертификатқа ие болды. Ханян университетінің профессоры Хан Холь Юль мен Халықаралық корейтану орталығының директоры Г.Н. Ким студенттерге сертификатты табыстады.