Жаңалықтар

24 мамыр күні ҚазҰУ қалашығындағы «Жастар алаңында» Студентттік құрылыс жасағының еңбек маусымы салтанатты түрде басталды

26.05.2014

Қазақтың бас ақыны Абай: «Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле», – дейді. Сол адамды адам еткен еңбекке жастарды баулу, оны бағалай білуге үйретудің маңызы зор. Сондықтан да елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылы студенттік құрылыс жасағын қайта жандандыруды ұсынғанда ҚазҰУ алғашқылардың бірі болып оны қолға алған еді. 24 мамыр күні ҚазҰУ қалашығындағы «Жастар алаңында» Студентттік құрылыс жасағының еңбек маусымы салтанатты түрде басталды. Шараға экономикалық және өндірістік мәселелер жөніндегі проректор М. Бектемесов, әлеуметтік даму жөніндегі проректор Ш. Жаманбалаева, ҚазҰУ қалашығы басшысы Ә. Сейтжанов және СҚЖ ардагерлері мен жауынгерлері қатысты.


Мерекелік салтанатты бастау үшін СҚЖ штаб басшысы Ж. Есенбек проректор М. Бектемесовке рапорт берді. Салтанатты шараны университетіміздің даму ісі жөніндегі проректоры М. Бектемесов құттықтау сөзімен ашып, СҚЖ төлқұжатын жасақ командирлеріне құрметпен табыстады. Жасыл киім киген СҚЖ жауынгерлері жасыл желекке бөленген жастар алаңының сәнін кіргізді. Студенттік құрылыс жасақтары тек еңбек жасақтары ғана емес, жалындаған жастық шақтың, достық пен махаббаттың, қайта оралмас қызықты студенттік шақтардың белгісіндей. Тәуелсіз еліміздің көркеюі мен гүлденуіне атсалысу үшін сап түзеген жастар рухы алаңға келушілердің барлығын бір серпінтіп тастады. Алда темпус аумағын абаттандыру, оқу корпустары мен жатақханаларды реттеу, жаңа құрылыс орындарына атсалысу сынды қыруар істер тұр. Алайда еңбектен тайсалар жастар жоқ. СҚЖ штаб басшысы Ж. Есенбек: «Біз белсенді еңбек етіп қана қоймай, спортпен айналысамыз, табиғат аясына серуендеуге шығамыз, қабырға газетін шығарамыз. Сондай-ақ «СҚЖ үздік жауынгері», «СҚЖ үздік жасағы» байқауларына қатысатын боламыз. Осылайша, олар демалысты еңбекпен ұштастырып, өздері үшін аса қызықты, пайдалы ғып өткізетін болады», – дейді.

Тәрбие ісі жөніндегі проректор Ш.Е.Жаманбалаева және Республикалық «Жасыл ел» еңбек жасақтарының Алматы қалалық бөлімшесінің басшысы Алмасбек Нұғманов студенттерді еңбек маусымының басталуымен құттықтап, еліміздің көркеюіне атсалысу арқылы ел алдындағы перзенттік парызды абыроймен атқаруға болатынын әсерлі әңгімеледі. Салтанатты шараны жасақ жастары әуезді әнмен әрлеп, көңілді бимен көркемдеп отырды. Шара соңында СҚЖ салтанатты түрде ант қабылдады. Жастар шырқаған Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні киелі ҚазҰУ қалашығының аспанында әуелеп, жасақ жауынгерлерінің рухын асқақтатып, ерекше көңіл-күйге бөледі.