Жаңалықтар

Журналистика факультетінде «Егемен Қазақстан» ақпарат орталығы ашылды

28.05.2014

Еліміздің бас газетінің 95 жылдығы мен университетіміздің 80 жылдық мерейтойына орай «Егемен Қазақстан» – Ел газеті» атты салтанатты жиын өтті. Кездесуге «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» Акционерлік қоғамының Президенті Сауытбек Абдрахманов және редакция мүшелері, Алматы бөлімшесінің жетекшісі – Қорғанбек Аманжол, «Егемен Қазақстан» газетінің ардагері – Мамадияр Жақып, шолушылар – Гүлзейнеп Абдрахманова, Шарафаддин Әміров, Айнаш Есали, тілші Қанат Ескендір қатысты.


Салтанатты жиында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанұлы: «Егемен Қазақстан» – Қазақстан Республикасында жарыққа шығатын мемлекеттік ресми баспасөз құралы. Басылым негізінен ресми ақпараттық, жаңадан қабылданған құқықтық актілерді және басқа да ресми ақпаратты жариялайды. Газет 1919 жылдың 17 желтоқсанынан бастап аптасына 5 рет шығарылады. Алғашқы атауы «Ұшқын» болатын. Содан бері ұжымдастыру кезеңі де, соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі қиын кезең де газеттің тұрақты түрде жариялануына кедергі бола алмады. Тек атауы ғана «Ұшқын», одан кейін «Еңбек Туы», «Еңбекші қазақ», «Социалистік Қазақстан» және соңғы жылдары «Егемен Қазақстан» болып өзгерген газеттің тарихи тамыры тереңде» - дей кей келе, «Осынау мерейлі мерекелер салтанатты тұсында ғылым-білім ордасы мен бүгінгі қазақ баспасөзінің көшбасшысы бүгінгі өкілдері өткен күндер өрнектеріне замана көзімен шолу жасай отырып, болашаққа бағдар сілтеуге тиісті деп ойлаймын. Себебі қазақ руханиятының екі алып бәйтерегінің алтын тамырлары тарих тереңінде түйісіп жатқандай», - деп сөзін сабақтады.

Салтанатты жиында екі жақты Ынтымақтастық Меморандумына қол қойылды. ҚазҰУ Ғылыми кітапханасының «Егемен Қазақстандықтар» шығармашылығына арналған көрмесі ұйымдастырылды. «Егемен Қазақстан» газетіндегі ҚазҰУ шежіресі» атты бейнефильм көрсетілді. Сонымен қатар қонақтарға арнап, студенттер әннен шашу шашып, жыр шумақтарын арнады. Егеменнің бүгінгі жай-күйіне байланысты сұрақтар қойылып, нақты жауаптар алынды, құттықтаулар жолданды. Сонымен қатар 80-жылдық мерейтой медалі Сауытбек Абдрахмановқа табыс етілді. Дәл осы күні журналистика факультетінде «Егемен Қазақстан» ақпарат орталығы ашылды. Ақпараттық орталықтың мақсаты: редакциямен тығыз қарым-қатынас орнату, шығармашылық бірлескен жобаларды жүзеге асыру.