Жаңалықтар

«Университет ғылымға негізделген Қазақстан экономикасының қалыптасуының маңызды элементі ретінде» атты ғылыми-практикалық симпозиум өтті

28.05.2014

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елімізде ғылымның, білім мен бизнестің берік байланысына негізделетін «ақылды экономиканың» іргетасы қалануда. Оқу ордамыздың сексен жылдық мерейтойына қатысты салтанатты шаралар легін толықтырған «Университет ғылымға негізделген Қазақстан экономикасының қалыптасуының маңызды элементі ретінде» атты ғылыми-практикалық симпозиум осынау көкейтесті тақырыптың практикалық қырын ашып көрсеткен салиқалы мәжіліс болды. 28 мамыр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-технологиялық паркінің коференц-залында өз жұмысын бастаған, ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректоры Т.С. Рамазанов жүргізіп отырған алқалы ғылыми басқосуға зиялы көпшілік молынан жиналыпты.


Еліміздің жоғары оқу орындары мен бизнес құрылымдары арасындағы ынтымақтастыққа қол жеткізудің әрқилы әдіс-тәсiлдерін анықтап, ынтымақтастықтың тиiмдi үлгiлерi бойынша тәжiрибе алмасу және тиiмдi әріптестік үшiн ұтымды ұсыныстар жасау мақсатын алға қойған симпозиум өз жұмысын үш басым бағыт бойынша өрбітті. Елдің индустриалды-инновациялық даму мәселелері жөніндегі мемлекеттiк ұйымдардың өкiлдерi сөз алған алғашқы бөлімде ҚазҰУ-дың ғылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры Алтынай Тоғамбаева университетіміздегі ғылыми жұмыстарды басқарудың танымдық және тәжірибелік тұстарына кеңінен тоқталып өтті. Ғылым және білім беру кластері әлемдік озық үлгілер негізінде құрылған, ол ақпараттық-коммуникативтік, биотехнологиялық, биомедициналық, фармацевтикалық, физикалық-химиялық технологиялар және әлемуеттік-гуманитарлық зерттелуер сияқты салаларды қамтиды. Ал, «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының негізгі даму бағыттарын сипаттап өткен басқарушы директор Александр Игоревич Цой ғылыми қызмет гранттық қаржыландыру, халықаралық ынтымақтастық бағдарламалары және бүкіләлемдік банкпен әріптестік, сонымен қатар университтердің ғылыми-зерттеу бөлімдерін дамыту бағдарламалары бойынша жүргізілетінін тілге тиек етті.

Шетелдiк жоғары оқу орындары мен ғылыми парк өкiлдері ат салысқан екінші бөлімде сөз алған «EduWorld Consulting» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарушысы Диляра Вудворд дамыған елдердегі ғылым мен бизнес ынытымақтастығы мәселелеріне тоқталды. Өз кезегінде Ұлыбританияның Вулверхэмптон университетінің өкілдері, осы білім ордасы ғылыми паркінің бизнестi дамыту және бiлiмді трансферлеу бойынша бөлім директоры Найджел Берч пен бизнес шешімдері орталығының директоры Марк Флитам жоғары оқу орнының өзге мемлекеттерде кәсіпкерлер мен ғалымдар ынтымақтастығын орнатуға тигізіп отырған ықпалын егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Әсіресе, солтүстік Африкада технопарктер құру жөніндегі жинақталған тәжірибе жиналғандар назарын аударды. Сонымен қатар «Дубна» университетінің ақпараттандыру және инновациялық қызмет жөніндегі проректорының міндетін атқарушы, техника ғылымдарының кандидаты Ю.А. Крюковтың баяндамасы да тың деректер мен қызғылықты мысалдарға толы толы болды.

Жергілікті және шетелдік бизнес-құрылымдардың, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми-зерттеу институттарының, коммерцияландыру офистарының, Алматыдағы жоғары оқу орындарының өкілдері сөйлеген симпозиумның үшінші бөлімінде Жану мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры Зұлхаир Мансұров ғылым мен өндіріс байланысын жолға қоюда кездесіп отырған кедергілерді жою жолдарын тілге тиек етсе, «AlatauITCityManagement» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Нұрлан Көпбосынов және “ЛайвНет” мекемесінің бас директоры Виктор Никитин өз ұйымдарында ғылыми әріптестікті дамыту жөнінде қолға алынып жатқан қам-қарекет жайында әңгіме қозғады.

Симпозиум жұмысы барысында «Ионвациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы акционерлік қоғамы мен «EduWorld Consulting» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы әріптестік және әрекеттестік туралы меморандумға қол қойылып, университет жас ғалымдарының инновациялық жобаларының көрмесі ұйымдастырылды, онда студенттік бизнес-инкубаторлардың және старт-аптардың үздік үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Ал, отандық бизнес-құрылымдар өкілдерімен болған диалогтық басқосу алаңында оқу ордамыз ғалымдарының инновациялық талдамаларын отандық экономиканың өндірістік салаларына енгізу мәселелері талқыланды.

Ғылыми жиын жұмысында қалт еткен үзілісті пайдаланып, біз Биология және биотехнология ғылыми-зерттеу институтының директоры, биология ғылымдарының докторы, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Амангелді Бейсенбаевты әңгімеге тарттық. «Биотехнологияның бір қиын тұсы – оның жетістіктерін өмірге енгізуге тәжірибеден-тәжіриебеге ұласып отыратын ондаған жыл керек. Сондықтан да ең керегі стратегиялық жоспарға сүйене отырып, нысаналы жұмыс істеу. Біз қазіргі таңда осы мәселеге баса көңіл бөлудеміз»- деді А. Бейсенбаев. Ал, кәсіпкер, «Технопарк-2030» кәсіпорнының басшысы Шыңғыс Рысбеков стадиондар мен балалар алаңдарына төсейтін резина ұнтақтарын, ағаш полимер бұйымдарын өндіретінін, жылыжайлар мен кептіргіш құралдарын жасайтынын айтты. «Бұл басқосу мен үшін өте тиімді болды», - деді бізбен әңгімелескен Шыңғыс Мадридұлы. «Университет ғалымдарының ғылыми талдамалары үшін біз өзіміздің бос өндірістік алаңдарымызды ұсына аламыз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, қазіргі таңда ғылым мен бизнестің басын қоспай, өркендеу жолына түсе алмаймыз. Бүгін мен осыған әбден көз жеткіздім», - деді ол.

Сондай-ақ университет кампусын аралап, мәдени нысандарды тамашалаған симпозиумға қатысушылар кешкілік конференц-залға қайта оралып, ғылыми басқосуды қорытындылады, ұсыныстар жобасын талқылап, бекітті.