Жаңалықтар

ҚазҰУ-да «Университет – бизнес – қоғам: тәжірибе және серіктестік болашағы» атты жұмыс берушілер форумы және «Табысқа жету жолы!» бос орындар жәрмеңкесі болып өтті

30.05.2014

Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мем­ле­кет­тің жаңа саяси бағыты» атты Қазақ­стан халқына Жолдауында «Қазақ­стан-2030» Стратегиясының орындалу қо­ры­тындыларын шығара отырып, алды­мыздағы 40 жыл ішінде Қазақ­станның даму көкжиектеріне бағдар берді. Президент: «Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру»,- дей келе, «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясының негізгі 7 бағытын белгілеген болатын. Соның 4-уін «Білім мен кәсіби машық – заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдары»,- деп атап, Елбасы бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек екендігін нақты көрсетті.


Белестері биік білім ордасынан бүгінде ел басқарып отырған халық қалаулыларының жартысынан көбі түлеп ұшты. Білім ордасы ҚазҰУ дамыған ЖОО сапалы көрсеткіштерін бағалаудың танылған QS рейтингілік агенттігінің зерттеу нәтижесінің қорытындысы бойынша 800 үздік университеті арасында 299-орынды бағындырып, әлемдік топ-300 үздік ЖОО қатарына енді. Мұндай маңызды жетістікке ҚазҰУ ұжымы кешенді құрылымдық модернизация жүргізу, факультеттерді кластерлік негізде дамыту, кафедраларды ірілендіру, жүйелік басқаруды енгізу, нәтижеге бағытталу жұмыстары арқылы жетіп отыр.

2014 жылдың 30 мамыр күні әл-Фараби ғылыми кітапханасының үлкен балл залында және үлкен конференц-залында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Университет – бизнес – қоғам: тәжірибе және серіктестік болашағы» атты жұмыс берушілер Форумы және «Табысқа жету жолы!» бос орындар жәрмеңкесі болып өтті.

«Табысқа жету жолы!» жәрмеңкесінде түлектер бос жұмыс орындарымен танысып, түйіндеме ұсынып, HR-менеджерлермен әңгімелесті. Бос орындар жәрмеңкесінде студенттер мен магистранттарға шеберлік-сыныптары да жүрді. Мәселен,HR Vivaki Group Kazakhstan төрайымы Эльмира Сәлімова ­«Жарнама әлемінің карьералық мүмкіншілігі», Moomkin компаниясының президенті Әділ Нұрғожин «Ғаламтор арқылы жұмыс табу жолы. Кәсіби әлеуметтік тораптар», РМО «ХҚК» Алматыдағы филалы директорының орынбасары Жамал Баймұханбетова «Мемлекеттік қызмет көрсету», Eventica компанияның негізін салушы Марат Омаров «Сәттілікке жету жолы» тақырыптарында өзіндік тәжірибелерін ортаға салды.

Осы тұста ҚазҰУ-дың экономика және бизнес жоғары мектебі факультетінің түлектері Нұрбол Сұлтанбеков пен Қанағат Қасымов бүгінгі жәрмеңкенің өздері үшін де маңызды болып тұрғанын айта келіп, ҚазҰУ-дың түлектерге жасап отырған осындай сәтті мүмкіншіліктеріне ризашылықтарын білдірді.

Жұмыс берушілер форумының ашылу сәтінде сөз алған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры Бүркітбаев Мұхамбетқали Мырзабайұлы: «Бұл студенттер үшін маңызды жәрмеңке болып отыр. Биыл университетті 6 мың студент бітіргелі отыр. Олардың 5 мыңы бакалавриаттар, 1 мыңы магистранттар. Осылар үшін тиімді десек, екінші жағынан бізге жұмыс берушілер ҚазҰУ-дың 80-жылдық тарихындағы жетістіктерге көздері жетіп отыр», - деп атап өтті.

Форумға 100-ден астам отандық және халықаралық компаниялар, ұйымдар, бизнес, ғылым және өндіріс салаларының жетекші өкілдері қатысты. Солардың ішінен алғашқы сөз кезегін алған Қытай Халық Республикасының Бас Консулының міндетін атқарушы Дэн Шанлинг: «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ­– Қазақстандағы ең алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі. 80-жылдық тарихи жолда бұл оқу орыны биік белестерден ғана көрініп қоймай, көптеген жетістіктерге де қол жеткізе білді. Оған Қазақстанның өнеркәсіптік, экономикалық жетістіктерге жетуіне ықпал еткен осы оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы мен бітіруші түлектерінің үлесі дер едім. Сондай-ақ, ҚазҰУ шетелмен байланыс орнатуда өзінің үлкен жетістіктерін көрсетіп келеді. Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынаста екенін білесіздер. Осындай форумды өткізе отырып біз берік серіктестік пен шынайы достықтың жақсы нышанын көрсетіп отырмыз. Ежелгі қытай ойшылы Лао Цзы: «Саяхаттың жолы бірінші қадамнан басталады», - деп айтып кеткен. Меніңше, бүгінгі бастау алып отырған жол – жетістікке апаратын жол», - деп өзніңі шынайы ілтипатын білдірді.

Форумда Австрия елшілігінің Сауда бөлімінің бастығы әрі Сауда Атташесі Михаэль Мюллер, «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» ДБ БҰ Басқарма төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова, АҚ «Қазақстан Халық Банкінің» басқарма төрайымы Үміт Болатханқызы Шаяхметованың атынан аппарат жетекшісі Ермек Құмарбекұлы Қойшыбаев, «EFES Kazakhstan» компаниясының Алматы зауытының директоры Сабыржан Абдрахимұлы Белгібаевтар сөз алып, Қазақстанның жетекші классикалық университеті мәртебесіне ие Қазақстан білімі мен ғылымының ірі орталығы, жоғары кәсіби, жоғары оқу орнынан кейінгі білім мен ғылымның инновациялық дамуының ұлттық көшбасшысы екендігін атап өтті.

Әсіресе, «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» ДБ БҰ Басқарма төрайымы Шәмшидинова Күләш Ноғатайқызының пікірі ерекше назар аудартты. Өз сөзінде: «Бүгінде білімді бағалау, оқушы мен ұстаз арасындағы қарым-қатынас өзгеріп жатыр. Өзгермей отырған бір нәрсе бар, ол ­– мектепке білімді әрі білікті ұстаздың керектігі. Сондықтан, «Назарбаев Зияткерлік мектептеріне» химиядан, физикадан, биологиядан, математикадан сапалы білім беретін, қазақ тіліне жетік, орыс пен ағылшын тілдерін кәсіби маманына пайдалана алатындай, елін сүйетін ұлтжанды, патриот, тілін сүйетін ұстаз керек. Өйткені, елжанды азамат тәрбиелеу үшін ұстаздың өзі ұлтжанды болуы керек. Сондай ұстаздарды біз сіздерден күтеміз»,-дей келіп, «Болашақ өмірін ұстаздықпен байланыстыра алатын жас студенттер болатын болса, өзіміздің мектептің базасында практика ұйымдастыруға дайынбыз. Ұлттық университетімізді ұлттық ғылыми зерттеу орталығы деп білеміз. 2010 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» оқушылары химиядан, физикадан, биологиядан, математика факультеттерінің элективті пәндерінен өткен еді. Бүгінді бұл тоқтап қалды. Біз осы жұмысты жалғастырғымыз келеді. Себебі елімізде 15 «Назарбаев Зияткерлік мектебі» жұмыс істеп отыр. 2015 жылдың соңына таман 20 мектеп жұмыс істейді деп жоспарлап отырмыз. Алматыда қазір екі мектеп салынып жатыр. Бізге КазҰУ-дың базасы өте қажет. Ғылыми жұмысқа бейім балаларды отандық және шетелдік ғылыми орталықтарға жібереміз. Тәрбие жұмысына сіздерден біз «100 кітап» жобасын алдық. Осы жобаға байланысты аудиохрестоматия жазғалы жүргенбіз. Бұған бізге журналистика факультетінің «әл-Фараби радиосының» үлкен көмегі болды. Осы жобаны одан әрі іске асырсақ, Қазақстандағы өзге де мектептерге ұсынар едік. Сондықтан сіздердің оқытушы ғалымдарыңыз ғылыми жобаларға ғылыми жетекшілік етіп, тәрбие жұмыстарына қолдау көрсетеді деген үлкен үмітіміз бар», - деп атап өтті.

Кезінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңар жақ азамат болады»,-деп айтқанындай, білім мен ғылымның қарашаңырағы болып отырған ҚазҰУ-дың білікті профессор-оқытушылары алда талай белестерді бағындыра алатын, рухани жан дүниесі бай, білімі мен ұлтжандылығы басым мыңдаған жастарды қанаттандырады деген ойдамыз. Өйткені, бүгінде университет түлектері Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосып отыр. Сондықтан да университеттің шығар белесі, алар асуы әлі алда деп есептейміз.

Форумда әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті бітіруші-түлектерінің халықаралық деңгейде басқа әлемдік университеттер түлектерімен бәсеке болу мақсатында және болашақта танымал шетелдік университеттерге түсу жолдарын оңайлату мақсатында ҚазҰУ-дің алғашқы 5 бітіруші түлектеріне, атап айтқанда, химия факультетінің студенті Әйгерім Қайдарға, биология факультетінің студенті Ботагөз Үсіпбекке, математика факультетінің студенті Дархан Өмірзақовқа, география факультетінің студенті Ләззат Кайбалдиеваға, физика факультетінің студенті Дәурен Әділбековке Diploma Supplement куәлігі берілді. Биология факультетінің 4-курс студенті Ботагөз Үсіпбек: «Менің осындай үлкен жетістікке жетуіме бірнеше себептер бар, алдымен, университетке «Алтын белгімен» грантқа түстім. Факультетте деканымыз Шалахметова Тамара Минажқызының, ұстаздарым Абылайханова Нұржанат Тоқанқызының, Базарбаева Жаннаның, Есенсейітова Зураның терең білім беруінің нәтижесінде мен Президенттік әрі POST Азия (Корей Республикасы) стипендияларының иегері болдым. Осындай білікті ұстаздарыма алғысым шексіз. Сондай-ақ, қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысып, студенттер кеңесінің төрағасы болым», деп ағынан жарылды.

Одан кейін веломоствалық марапаттауларды ұсыну үшін ҚазҰУ жұмыс берушілеріне сөз беріліп, «Назарбаев Зияткерлік мектептері», Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, «Софтлайн Трэйд» жауапкершіліг шектеулі серіктестігінің директоры Дю Аннан мен ҚазҰУ арасында тікелей ынтымақтастықты орнату мақсатында алғашқы меморандумға қол қойылды. Өйткені, Назарбаев Зияткерлік мектептері - қазіргі таңда республикадағы ең беделді оқу орындарының бірі. Келесі жылы алматыда жаңа екі Назарбаев Зияткерлік Мектебі ашылады, бұл мектептерді кадрмен қамтамасыз етуде және соңғы жылдары ҚазҰУ түлектерді жұмыспен қамтамасыз ету жолдарын жүйелі түрге салып, биылғы жылдан «Білім алушыларды үздіксіз практикалық дайындаудың тұжырымдамасы» іске қосылды.

«Ғылым - теңіз, білім – қайық», - дейміз. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 80 жылдық аса бай тарихы Қазақстанның академиялық ғылымы мен жоғары мектебінің дамуы және қалыптасуымен тығыз байланысты. ҚазҰУ-ді еліміздің барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі, білікті мамандар ордасы деуге болады. Өйткені, шын мәнінде университеттің мыңдаған түлектері Қазақстанның және оның аумағынан тыс жерлердегі өндірістің барлық салаларында табысты еңбек етуде. Демек, университет түлектері қоғамның барлық саласында өз орнын тапқан және де қоғамның лидерлік әрі қоғамның зияткерлік имиджін қалыптастырып отырғаны даусыз.