Жаңалықтар

ҚазҰУ-да ЕАЭО құру мәселесі талқыланды

13.06.2014

ҚазҰУ-да Ғылыми кеңес отырысында ТМД үш елінің экономикалық интеграциясы - ЕАЭО құру мәселесі талқыланды.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, проректорлар, декандар, ғалымдар өз сөздерінде Қазақстан, Ресей, Беларусь Президенттері қол қойған ЕАЭО туралы шарттың тарихи маңызын атап өтті.

Қазақстан Президенті Н. Назарбаев атап өткендей, жаһандану мен аймақтандыру әлемдік экономикалық дамудың маңызды факторы болып табылады. Жаһандану өңірлік және ішкі құрлықтық өлшемде мемлекеттердің интеграциялық серпінін ынталандырады. Әралуан жаһандық тәуекелдерге қарсы тұрып, ел мен халықты әлемдік үдерістен тыс қалдырмай, мүдделерді мемлекеттіктен жоғары деңгейге көтеріп күштерді шоғырландырады.

«Еуразиялық экономикалық одақ құру - уақыт талабы, жаһандық сын-қатерлерді бірлесіп еңсеруде маңызды қадам, мұны Президент 20 жыл бұрын болжай білді. Жалпы тарих, экономикалық дамудың бірыңғай жүйесі еуразиялық интеграциялық процестің алғышарттары болды. Біздің алдымызда үлкен мүмкіндіктер ашылды. Оның ішінде - ғылыми-білім беру саласында. Біз ынтымақтастықтың сапалы жаңа деңгейіне көтерілеміз», - деді ректор Ғалым Мұтанов.

Сөз сөйлегендер ел Президентінің идеясын толықтай қолдайтындарын айтты. Экономикалық ықпалдасу елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтады, еуразиялық одақ құру посткеңестік кеңістік мемлекеттері үшін жаңа дәуірдің басы, жаһандық сын-қатерлерге жауап, маңызды геосаяси жетістік болып табылады.

«Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың тарихи, дәуірлік маңызы бар. Жаһандық экономикалық, саяси сын-қатерлер, әлемдік аренада қатаң бәсекелестік күрес жағдайында экономикалық одақ тұрақты және болашағы зор болмақ. Еуразиялық одақ Қазақстан үшін тиімді болары сөзсіз, онда қызмет көрсету нарықтарының, капитал мен жұмыс күшінің жалпы қағидаттарын іске асыру үшін бірқатар өтпелі кезеңдер көзделген. ЕАЭО қуатты ұлттықтан жоғары бірлестік екенін қазірдің өзінде көрсетуде. Шекаралас мемлекеттердің үлкен қызығушылығын оятуда», - деп атап өтті Экономика және бизнес жоғары мектебінің профессоры Жанар Әубәкірова.

Баспасөз қызметі