Жаңалықтар

«Журналистика негіздері» жазғы мектебі

19.06.2014

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы арасында Ынтымақтастық туралы меморандум аясында журналистика факультетінде еліміздің 14 облысынан Зияткерлік мектептер оқушыларына арналған «Журналистика негіздері» жазғы мектебі болып өтті.


Назарабев зияткерлік мектептері оқушылары – еліміздің интеллектуалды әлеуетінің негізін қалайтын жаңа толқын, жас ұрпақ. Сондықтан да аталмыш білім беру ұйымдары елдің ертеңін қолға ұстар жас өрендерді тәрбиелеуде инновациялық жобаларды алғашқылардың бірі болып жүзеге асырып отырған білім ордасы.

Жазғы мектеп бағдарламасының әр сағаты қызықты да танымдық тұрғыда өтті. Білім мен ғылым жолын ізденіп жүрген жас өрендер журналистиканың қыр-сырын үйренумен қатар, тарихын, даму бағыттарымен, заманауи талаптарымен танысты.

Жазғы мектептің басты мақсаты - «Зияткерлік мектеп оқушысына ұсынылатын 100 кітап» жобасының аудиохрестоматиясын әзірлеу саналды. Аталған қысқа мерзімде оқушылар қазақ әдебиеті және әлем классикасы құнды шығармаларын «Әл-Фараби» радиосында дыбыстады. Жұмыс кестесі қаншалықты тығыз болса да, барлық аймақтан келген 22 оқушы қатысқан жоба сәтті аяқталып, олар ата-аналары мен ұстаздарын қуантарлықтай өздері дыбыстаған аудиохрестоматияларын алып қайтты.

Жазғы мектеп күндері баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы оқытушы-профессорлары оқушыларға ерекше ынтамен, шығармашылық ізденіспен шеберлік-сыныптарын өткізді. Марат Барманқұлов атындағы телерадиокешеннің инженерлері аудиохрестоматияның дыбысталып, өңделуіне көмек көрсетті. «ҚазҰУ студенті оқуі тиіс 100 кітап» жобасы ел-елде қолдау тауып, Зияткерлік мектептерінде жалғасын тауып отыр. Алда екі білім ордасы арасында шығармашылық ынтымақтастық пен бірлескен жобалар орындалмақ.

Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы