Жаңалықтар

ҚазҰУ-да «Таза бейсенбі» акциясы қайта жанданды

02.10.2014

Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттік қалашық аумағын көріктендіру мақсатында жалпыуниверситеттік «Таза бейсенбі» акциясы қайта жанданды. Тазалық шарасына барша университет қызметкерлері, факультет оқытушылары мен студенттер атсалысты.


Тазалық бейсенбісінде әр бөлім, әр факультет пен кафедра өздеріне бөлінген аумақты тазалап шықты. Олар қалашықтағы алаңдар, оқу ғимараттарының айналасы мен көше бойын, арықтарды қоқыстан тазартты.

Табиғат – барша адамзаттың алтын ұясы, құтты қонысы. Оны сүйе білу, аялау және қорғау – ортақ міндет. Осы орайда қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікке, экологиялық тазалыққа әрбір жасты тәрбиелеу үшін университетте «Таза бейсенбі» шарасы дәстүрлі түрде қолға алынған. Әсем табиғат құшағында орналасқан қалашықтағы Студенттер үйінде әрбір бейсенбі – тазалық күні болып қалыптасқан. Бұл күні тұрғындар бөлмелері мен Студенттер үйінің іші-сыртын жинап, тазалықтың сақталуына көңіл бөледі. Бүгінгі шара осы тұрақты үрдістің жалпыуниверситеттік деңгейде жандануы болып табылады. Университеттегі «Green Campus» жобасын жүзеге асырудың жарқын көрінісі болып табылатын аталмыш шара енді әрбір бейсенбі сайын жалғасатын болады.

ҚазҰУ Баспасөз қызметі