Жаңалықтар

ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысы Н. Назарбаевтың «Ұлытау төрінде ой толғау» сұхбатында айтылған негізгі бағыттарды талқылау мақсатында дөңгелек үстел өтті

01.10.2014

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысы Н. Назарбаевтың «Ұлытау төрінде ой толғау» сұхбатында айтылған негізгі бағыттарды талқылау мақсатында дөңгелек үстел өтті. Шараға ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты.


Алқалы жиында сөз бастаған ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Тілекқабыл Рамазанов: «Елбасы өз сұхбатында әлемдік өркениетке бет алған елдің қандай болу керектігіне тоқталды. «Мәңгілік ел» концепциясына, тіл, ел, діл мен дін мәселелері төңірегіндегі түйткілдерді сөз етіп, шешу жолдарын айтып берді. Біз сұхбатта ел дамуындағы ішкі-сыртқы жағдайларға қанығып, өзімізге ой түйдік. Бүгін әр сала бойынша өз пікірімізді ортаға салғалы отырмыз», – деді.

Елбасы айтқандай: «Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ. Елбасы өз сұхбатында ел болашағы мен әлемдегі күрделі мәселелерді қарапайым тілмен аса ұғынықты етіп жеткізіп берді. Тарихымызды жаһандық үдерістің құрамдас бөлігі ретінде қарастыруға шақырды. Себебі тарихымызды жеткізе білсек, жастардың патриоттық сезімін көтере аламыз.

ҚазҰУ-ға дөңгелек үстелге арнайы келген қонақ Ш. Уәлиханов атындағы тарих және археология институтының директоры Ханкелді Әбжанов өз ойын былай жеткізді. «Тәуелсіздікке қол жеткелі еліміз көптеген табысқа жетті. Бұл үдеріске серпін берген – Елбасы. Мен «Мәдени мұра» бағдарламасына ерекше тоқталғым келеді. Әуеліде 3 жылға жоспарланған бағдарлама кейін 8 жылға созылды. Руханиятымызға жаңа леп әкелген бұл бағдарлама аясында қазақ халқы мәдениетінің аса құнды еңбектері жарық көрді. Қазақ халқының шежірелі тарихы, аса бай мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдебиеті бар», -дейді.

Университет студенттері өз ойларымен бөлісіп, профессорлық қауыммен сұрақ-жауап түрінде талқылау жүргізді. Осы орайда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев жастарға Елбасы сөздерінің астарлы мағынасын түсіндірді. Елбасы Н.Назарбаевтың Ұлытау өңірінде журналистерге берген сұхбатының бір бөлімі Отан тарихына, қазақ тіліне және дінімізге қатысты мәселелерге арналып, Ұлытау төрінде тұрып, өңірдің қасиетті мекен екенін тілге тиек еткен Елбасы тарихымыздағы ғұн, көк түрік, Алтын Орда, хандық дәуір және тәуелсіздік кезеңдер туралы айтып өткенін, тарихшылар үшін тарихқа қатысты айтқан сөздерінің маңызы зор екеніне тоқталды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі