Жаңалықтар

Бірінші курс студенттерін салтанатты түрде «Студенттер қатарына қабылдау» кеші болып өтті

06.10.2014

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жаңа қадам басқан бірінші курс студенттерін салтанатты түрде «Студенттер қатарына қабылдау» кеші болып өтті.


Мерекенің ашылу салтанатында жылдағы дәстүр бойынша бірінші курс студенттерін қатарымызға қосу мақсатында университет ректоры Ғ. Мұтанов 1 курс студенттеріне арналған символдық «Сынақ кітапшасын» және «Білім кілтін» тапсырды. «Осы кезден бастап еліміздің жетекші оқу орнының үлкен әрі тату ұжымы болып, оның үлкен тарихының бір бөлігі боласыздар. Осы жерде кәсіби жетістіктерге жол басталады. Сіздерге оқу жылдарыныңыз тек оқумен емес, сонымен қатар қызықты студенттік өмірге толы болсын», - деп университет ректоры жылы лебізін білдірді.

Биылғы мерекеде еліміздің туын әлемдік додаларда тік ұстаған халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері: Сәбина Алтынбекова, Владимир Толикин, Өмірсерік Бикенов, Виктория Лян, білімімен талай таңдандырған халықаралық олимпиада жүлдегерлері Ақмарал Оңалсын, Алуа Кенжебек, Нұрбол Нұрғазы, Мейіржан Айтуар, Марат Оразбаев, Ернар Ғабиден, Дулат Болат, Ерлан Байдрахманов, Абылай Әділмұхаметов, Айжан Қасым, өнерлерімен көпшілікке, жұртқа танымал әнші Әлішер Қайратұлы, айтыскер ақын Саягүл Бірлесбек, республикалық деңгейдегі көркемсөз оқу шебері Талғат Сатыбалдиев сынды дарынды студенттерді өз қатарға қосылды.

Университетке биыл жалпы төрт мың студент қабылданса, оның ішінде «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері қабылданды. Бүгінде жалпы университетте 19 мың студент білім алады.

Бұл дарындардың әрі қарай дамитынына және биылғы бірінші курс студенттері арасынан елімізді әлемге танытар майталман мамандар, білімді жастардың шығарына сеніміміз мол.

Мерейлі мейрам мерекелік концертке ұласты. Университеттің жаңа қабылданған студенттері өз өнерлерін көпшілікке танытты.

Адам баласының өмірі екі рет басталады. Алғашқысы - оның дүниеге келуі, екіншісі – үлкен өмірге қадам басуы. Біздің бірінші курс студенттеріміз өз өмірлеріндегі ең маңызды қадам жасады. Және бұл - биік армандар мен мақсаттардың жүзеге асуына бастайтын алғашқы қадам. Себебі, олар еліміздің білімімен ғылымының, барлық салада дамуының ұлттық көшбасшысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті атанды.