Жаңалықтар

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ҚазҰУ-да қонақта болды

09.10.2014

Бүгін университет кітапханасында ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы және студенттер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен, Алматы қаласының Бас имамы Нұрбек Есмағанбетпен кездесті. Қонақтар «әл-Фараби» мұражайымен танысып, кездесуді бастады.

Қарашаңырақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен кездесуде жат ағымдар, белгісіз бағыттар, дәстүрлі дінді зерттеу, отбасы құндылықтары, идеология, ата-ананы құрметтеу, отанды сүю, ілімге құштарлық сияқты тақырыптар талқыланды.

«Бүгінгі таңда дін мәселесі бірінші, кезек күттірмейтін мәселе. Оның айналасында бірнеше себептері де болды. Сонау 1992 жылы дін туралы заң қабылданған кезде, Қазақстанның азаматы қандай дінге құлшылық етемін десе де, өз еркінде дедік. Сол кезде біз тереземізді бүкіл әлемге, қандай дін бар айқара аштық. Дінді зерттеген адамдар некен-саяқ болды. Үшінші себебі, кеңес дәуірінен келген мынадай пікір қалыптасқан, дін деген не? Ол үстіне шапан киіп жүрген адам деп түсінді. Шетелден неше түрлі ағымдар, секталар келе бастады. Бізде оларға қарсы тұратын иммунитет болмады. Уақыт өтті, байқай бастадық. Дін деген үлкен күш, үлкен құрал. Осыдан екі жыл бұрын мемлекетімізде 1992 жылы қабылданған заңды қайта қарап, заң қабылданды, соның арқасында кейбір секталар тіркелмеді. Жастарымыздың Сирияға жиһад деп кеткендер дәстүрлі дінді ұстанбайтындар, мешітке барып намаз оқып жүргендердің өзі екіге-үшке бөлініп жүргені бұл ел үшін, болашағымыз үшін үлкен қауіп», - деді Бас мүфти Ержан қажы.

Осы тұрғыда діни басқармасы тарапынан бүгінде бірнеше жұмыстар жасалып жатқанын, дәстүрдің дінге ешқандай қарама-қайшылығы жоқ екеніне тоқталды. Салт-дәстүр дінмен астасып, бір қайнасып жатыр. Дәстүрді жалғастыру арқылы дінді бір қалыпқа келтіру туралы кеңінен айтылды. Осы мақсатта «Дін мен дәстүр» атты кітап жарық көріп, қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялап, бірнеше игі іс-шаралар өткізді.

ҚазҰУ профессоры Тұрсын Ғабитов: «Бүгінгі кездесу өте маңызды. «Дін мен дәстүр» кітабын оқып шықтым. Бұл кітапта Ержан қажы мәдениет пен діннің бірлігі, қазақ руханилығы деген не, ол діннің, тілдің, ділдің бірлігі екені айтылған. Ислам мәдениеті мен қазақ мәдениетінің бірлікте болғаны жазылған. Біздің студенттер бұл кітапты оқиды. Мұны мен мәдениет пен дінді, қазақ этикасын ұштастыруға бағытталған еңбек деп білемін», - деді ол.

Сұрақ-жауап түрінде өткен кездесуде студенттер өз көкейлеріндегі сауалдарына Бас мүфтиден толық жауап алды. Әсіресе, қазақ жастарының басқа ағымдарға кетуі, санаға шабуылды қалай тоқтату жолдары, дін мен дәстүрге қатысты, қоғамда орын алып отырған хиджаб кию, намаз оқудың өзінде топтарға бөліну, халал өнімдерді қолдану тұрғысынан қойылған сұрақтарға Ержан қажы Малғажыұлы бірнеше жаңалығымен де бөлісті. Ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында халал бөлімі ашылатындығы, алдағы уақытта «Жаназа пәтуасы» атты кітаптың дайындалып жатқанын айтты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ҚазҰУ кітапханасына 300-дей кітап сыйға тартты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі