Жаңалықтар

ҚазҰУ-да футболдан Ұлттық студенттер лигасы ойындарының «Күз-2014» турнирі өттіп жатыр

13.10.2014

Өткен сенбі күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің спорт кешенінде Білім және ғылым министрі А. Сәрінжіповтің қатысуымен футболдан Ұлттық студенттер лигасы ойындарының «Күз-2014» турнирі өтті. Турнир кестесі бойынша алғашқы ойын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің командалары бәсекеге түсіп, нәтижесінде 8:3 есебімен ҚазҰУ командасы жеңіске жетті. Ескерте кетелік, турнир ойындары жалғасып жатыр. Ойындар барысында Астана қаласындағы финалдық ойынға баратын үздік төрт команда алдағы қараша айының 15-жұлдызында анықталатын болады.

Елімізде бұқаралық, соның ішінде студенттік спорттың дамуына қажетті барлық жағдай жасалып отырғаны баршаға мәлім. Әрі бұл бағыттағы жұмыстардың кеңінен қанат жаюына, салауатты өмір салтын қалыптастыру мен жастар арасындағы насихатталуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі баса назар аударып отырғаны да белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, биылғы жылы құрылып отырған футболдан Студенттердің Ұлттық Лигасы ойындарының студент-жастардың арасындағы спортқа деген қызығушылықты одан әрі арттырып, олардың салауатты ұрпақтың жаңа буынына айналуына өзіндік ықпалын тигізері де хақ. Аталған Лига Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов пен Қазақстан Футбол федерациясының бас хатшысы Аллен Шайжүнісовтің арасындағы сөз болып отырған лиганы құру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға биылғы жылдың 12-мамырында қол қоюларының нәтижесінде дүниеге келген болатын. Осы ынтымақтастық аясында өткізіліп отырылатын Студенттер лигасы ойындарының мақсаты – жастар арасындағы бұқаралық футболдың қарқын алуына, үлкен футболдың дамуына зор үлес қосу. Жалпы, дамыған елдерде студенттік спорт маңызды индустрияға айналған. Сондықтан да еліміздегі оқушылар мен студенттерді жаппай қамтитын бұл лиганың негізгі мақсаты да бұқаралық футболды дамытуға бағытталған.

Жиналған қауымды осы айтулы шараның ашылуымен шын жүректен құттықтаған министр А. Сәрінжіпов: «Тұтастай алғанда, алғаш өткізіліп отырған бұл ойындар Астана және Алматы қалаларында өткізіліп жатыр. Лиганың жарыстарына Алматыдан 7 және Астана қаласынан 8 команда қатысуда. Финалдық ойындар желтоқсан айында Астана қаласындағы «Астана Арена» стадионында өтеді. Осы матчтарды ұйымдастырғандары үшін футбол лигасының өкілдеріне үлкен алғысымды білдіремін», – деді.

Өз кезегінде университет ректоры Ғалым Мұтанов та студенттер мен ұстаздарды және көрермендерді университет қабырғасының тарихындағы тұңғыш рет өткізіліп отырған осындай айтулы шараның ашылуымен құттықтады. Университет басшысы студенттердің өз университеттерінің рейтингісін көтеріп, жүлде қорын байытуға лайықты үлестерін қосатындығына сенімін білдіре келе: «Әлемдік спорт жетістіктері ел қуатының үздік көрсеткіші болып табылады. Атап айтқанда, студент жастар, жыл өткен сайын республикалық, тіпті, халықаралық ауқымдағы сайыстарда белсенді өнер көрсетіп, аталған жетістіктерге өзіндік үлестерін қосуда. Сондықтан, сіздерден шебер ойындар мен асқақ жеңістер күтеміз», – деген тілегін айтты.

Ерекше атап, мақтан етер азаматтарымыз – дзю-до күресінен алтын медаль иегері Елдос Сметов пен суға жүзуден 3 алтынды қанжығасына бөктерген Дмитрий Баландин!