Жаңалықтар

ҚазҰУ-да Иран Ислам Республикасынан келген делегация қонақта болды

23.10.2014

22 қазанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов және университет проректорлары, факультет декандары мен профессорлар Иран Ислам Республикасынан келген делегациямен кездесті.

Доктор Моджтаба Дамирчилу – Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі, Асғар Сабери – Иран мәдени өкілдігінің басшысы, Дарабиан - Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Бас консулы, Доктор Сирус Насраллаһзаде – Исламға дейінгі жазбаларды зертеуші ғалым, тілші, Доктор Сейд Бейвәк Мохаммади – әлеуметтанушы, Шығыс Кентукки штаты университеті (АҚШ) әлеуметтану ғылымдарының докторы («Теориялар үрдісі және әлеуметтік өзгерістер»); гуманитарлық ғылымдар мен мәдениеттану ғылыми-зерттеу институтының әлеуметтік мәселелер мен мәдениеттану ғылымын зерттеу бөлімінің директоры (Иран) және Доктор Ашраф Баружарди ханым - Шығыс қоғамындағы әйел мен отбасы мәдениеті мәселесі жөніндегі әлеуметтану орталығының орынбасары (Иран) қонақта болды.

Кездесу барысында ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов: «Университет қабырғасында «Ирантану» орталығы, шығыстану факультетінде ирантану кафедрасы жұмыс істейді. Жыл сайын ҚазҰУ студенттері «Тегеран» университетінде студенттер алмасу бағдарламасы бойынша барып білім алып жатыр. Ары қарай да екі елдің оқу орындары арасында ынтымақтастық арта береді деп ойлаймын» - деді.

Шығыстану факультетінің деканы Баян Жұбатова факультеттегі өткізілетін іс-шараларға тоқталып, арнайы студенттер үшін «Елші сағаты» өткенін және өз тарапынан ұсыныстар айтты. Соның бірі «Шығыс базары» мейрамын екі елде бірдей тойлау.

Екі елді таныстыратын ол – оқу орындары. Осы орайда Иран Ислам Республикасынан келген қонақтар тарапынан ҚазҰУ басшылығын өз елдеріне қонаққа шақырып, алдағы уақытта студенттер мен оқытушы-профессорлық құраммен алмасу, «Тәржіма» орталығын ашу, тығыз қарым-қатынаста әріптестік байланысты арттыру айтылды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі