- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Әл-Фараби мұрасы бойынша дайындалған кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті
27.10.2014Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясымен бірлесе отырып Әл-Фараби мұрасы бойынша дайындалған кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараға университет ректоры Ғалым Мұтанов, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов, Халықаралық Абай клубының президенті, жазушы Роллан Сейсенбаев, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаев, Техас технологиялық университетінің философия департаменті директоры, профессор Марк Вебб, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы, докторанттар, магистранттар мен студенттер қауымы қатысты.
«Осыдан 23 жыл бұрын, 1991 жылы 23 қазанда ҚазҰУ-ға Шығыстың атақты ойшылы, ғалым-энциклопедист Әбу Насыр әл-Фараби есімі берілген болатын. Әл-Фараби есімін арқалаған университеттің ұлы ойшыл идеяларын дәріптеу мен насихаттауды өзіне борыш санауы заңдылық», – деді ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов. Сондай-ақ ол белгілі ғалым мұрасын зерттеп-зерделеу ісінің, әсіресе, ҚазҰУ-дың 80 жылдық мерейтойы кезінде қызу қарқын алғанын атап өтті.
2013 жылы 23 желтоқсанда университетте Әл-Фараби бабамыздың ізгілік қаласы туралы іліміне негізделген «Al-Farabi university smart city» ғылыми-инновациялық жобасы бастау алды. Жобаны жүзеге асыру мақсатындағы маңызды шаралардың бірі ретінде Әл-Фараби мұрасын қалың көпшілікке жеткізуге бағытталған оқу құралын қазақ және орыс тілдерінде дайындау ісі жүзеге асқан болатын. Міне, кешегі өткен шарада «Әл-Фараби және қазіргі заман» деп аталатын осы оқу құралы келушілердің назарына ұсынылды. Сонымен қатар, ҚазҰУ-дағы Әлем халықтары әдебиетінің институты мен «Әл-Фараби» орталығы бірлесіп, ғалымның «Қайырымды қала» мен «Музыка туралы кітап» атты еңбектерінің екі томдығын, «Ақыл кітабын» – «The Book of Mind» және «Әл-Фараби туралы кітап» жинағын жарыққа шығарған еді. Тұсаукесер аясында көпшілік бұл еңбектермен де танысуға мол мүмкіндік алды.
Жиынға қатысушылар ҚазҰУ ғалымдары мен ғылыми-зерттеу институттарының әл-Фараби мұрасын дайындау барысында атқарған ауқымды жұмыстары ең алдымен Шығыс және Орта Азия халықтарының, түрік және қазақ мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосқандығын, сондай-ақ ғалым мұрасының Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің бірлесуі мен өзара түсіністігінің нышаны екендігін тілге тиек етті.
Шара соңында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ғылым мен білім беру саласына, қоғамдық және халықаралық қызметке қосқан айтулы үлестері үшін бірқатар ғалымдарды марапаттады. Университеттің Ғылыми кеңесі шешімімен «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сіңірген ерен еңбегі үшін» үлкен күміс медаліне Әбдімәлік Нысанбаев пен Клара Таджикова ие болса, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 80 жыл» мерейтойлық медалімен Гүлжахан Нұрышева, Ғалия Құрманғалиева, Наталья Сейтахметова, Бақыткүл Жамбаевалар марапатталды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі