Жаңалықтар

«Дипломаттың іскери сөйлеу мәдениеті» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті

27.10.2014

ҚазҰУ-да халықаралық қатынастар факультетінде филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сафура Бөрібаеваның «Дипломаттың іскери сөйлеу мәдениеті» атты жаңа оқу құралының тұсаукесері аясында «Дипломаттың іскери сөйлеу мәдениеті» атты дөңгелек үстел болып өтті.

Дөңгелек үстелге деканның ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Л.Ф.Деловарова, Қазақстан Республикасындағы Түркия елшілігінің Бас консулы Супхи Атан, «Түркі әлемі» Халықаралық газетінің Бас редакторы Дариға ханым, «Түркі әлемі» Халықаралық телеарнасының тележурналисті Тайфун Дурду, халықаралық «Түркі әлемі» қорының мүшесі Мақсұтхан Жақып, Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының тілшісі, философ, публицист Әбдірашит Бәкірұлы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ф.ғ.д., профессор Гүлбану Қосымова, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің м.ғ.к., доцент Бахыт Нысанова, саясаттанушы, тележүргізуші Бахытжан Бұхарбаев, тележүргізуші Дмитрий Доронин, шығыстану факультетінен жапон тілінің аға оқытушысы Әсел Бекебасова; Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тiлдерi университетi студенттерi және Халықаралық қатынастар факультетінің оқытушылары мен студенттері қатысты.

Алғашқы болып сөз алған деканның ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Л.Ф.Деловарова: «ф.ғ.к.,доцент С.Б.Бөрібаеваның бұл еңбегі факультет үшін үлкен абырой деп білеміз. Сафура Болатқызын үлкен жүректі ұстаз, мықты ғалым ретінде танимыз. Егер дипломатиялық протокол «мемлекеттер арасындағы қарым- қатынастың жақсы мәнері» болса, онда дипломатиялық этикет – бұл өз мемлекетін таныстыратын лауазымды тұлғалар, саяси және қоғамдық қайраткерлер арасындағы қарым-қатынастың жақсы мәнері болып саналады.Сондықтан осы кітап арқылы біздің студенттеріміздің,яғни болашақ дипломаттардың іскери сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға көп көмегі тиеді деген ойдамыз»,– десе Қазақстан Республикасындағы Түркия елшілігінің Бас консулы Супхи Атан, өзінің қиындығы мен қызығы мол дипломатиялық қызметіне тоқтала келіп, С.Б.Бөрібаеваның еңбегіне жоғары баға берді. «Елдестірмек-елшіден, жауластырмақ- жаушыдан дегендей әрбір сөз өз орында қолданылса ғана екі мемлекет жетістікке жетеді. Сондықтан бұл оқу құралы болашақ дипломаттардың үстелінде жататын басты кітаптардың бірі болуы тиіс». «Түркі әлемі» Халықаралық газетінің Бас редакторы Дариға ханым: «Мен Сафура ханымды біздің газетіміздің белсенді авторларының бірі де бірегейі деп білемін. Осындай үлкен еңбегінің жарыққа шығуымен шын жүректен құттықтаймын. Еңбегінің жана беруіне тілектеспін».

Философ, публицист Әбдірашит Бәкірұлы: «Шешендік өнер – дипломатияға қажетті құрал. Қазақтың бүкіл болмысын танытады. Қазақ элитасының қазіргі түрі қазақ болғанмен, болмысы бөтен. Мінбеде қазақ тілінде сөйлеушілер жоқ. Сондықтан С.Б.Бөрібаеваның бұл оқу құралы қажетті еңбек деп білемін».

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ф.ғ.д., профессор Гүлбану Қосымова: «Мені ең алдымен аудиторияның құрамының әртүрлі салада еңбек ететін адамдардан құралғандығы қызықтырып отыр, яғни бұл осы кітапқа деген қызығушылық танытатындардың көптігі деген сөз. С.Б.Бөрібаева оқу құралында сөйлеу өнеріндегі шеберлік , дәлдік, грамматикалық мәселелерді дұрыс қолданған. Тілді үйрену– зерттеушілердің, риторикалық ғалымдардың еңбектерінде әр сөзді өз орнымен қолдану деген сөз. Шебер сөйлеу– кім сөйледі, қайда сөйледі, қалай сөйледі осы 3 шартқа сәйкес құралып отырады. Кітапта бірінші ереже – анықтама, екінші – мәтін, үшінші – глоссарий беріліп отырады, яғни жинақылық, бірізділік байқалады. Елшінің мәдениетіне, біліміне қарап, елді таныған. Сондықтан оқулықта ауызша сөйлеудің талаптарына да ерекше көңіл бөлінеді».

С.Бөрібаева авторлық қолтаңбамен қонақтар мен студенттерге кітап сыйлап, алғыс білдірді. Факультет студенттері құттықтап, ұстаз құшағы гүлге толды. Автор осы іс-шараға демеушілік көрсеткен ҚазҰУ-дың заң факультетінің түлегі Жұмағалиев Алмас екендігін атап өтті.

Оқу құралы жоғары оқу орындарындары халықаралық қатынастар факультетінің «Халықаралық қатынастар», «Халықаралық құқық», «Аймақтану» мамандықтары бойынша оқитын студенттерге арналған.

Дипломатиялық аударма кафедрасы