Жаңалықтар

«Армысың, Әз-Наурыз!» атты думанды кеш өтті

21.03.2015

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, студенттердің жастар алаңында «Армысың, Әз-Наурыз!» атты студенттер қалашығының наурыз мейрамы тойланды.

«Береке басынан басталады» демекші, «жыл басы жақсы басталса, аяғы да жақсы болады» деген қағиданы берік ұстанған ҚазҰУ-дың ұжымы мен қызметкерлері бүкіл ыдыс атаулыны дәнге, аққа, таза суға толтырып бетін ашық қалдырды.

Сондай-ақ ұстаздар қауымының басым көпшілігі ұлттық нақыштағы киім киіп, қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанды.

Мерекелік іс-шара өз шымылдығын аша берісімен, студенттер мен ұстаздар, сырттан келген қонақтар ағылды. Жиынды бірінші проректор М. Бүркітбаев ашып, барша жиналған қауымды ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесімен құттықтады. Ақшаңқан киіз үйлер қаз-қатар тігіліп, алтыбақан құрылды.21 ауыл сайысқа түсіп, «Қыз ұзату», «Беташар», «Бесікке салу», «Тұсаукесер», «Құда күту» сынды ұлттық салт-дәстүрлерден тамаша тарту көрсетіліп, көптің көтеріңкі көңіл күйге бөленгені рас.Мерекеге орай шырқалған ән мен ойналған күй шуақты көктемнің әдемі көрінісін бергендей әсер қалдырды.

Ұлан асыр той жасап, дастархан жайған ҚазҰУ қалашығының тұрғындарын Әбдіқаһар Әнуарұлы: «Дәстүр бойынша наурыз мейрамын жастар алаңында осымен 4-ші рет өткізіп отырмыз. Осыған дейін дәл осы күні жерде қар жатты, нөсерлеп жаңбыр мен бұршақ жауды.Соған қарамастан наурыз мерекесін бір кісідей өз деңгейінде өткізу үшін осында жиналған ұстаздар мен студенттерге, қызметкерлерге алғысым шексіз. Ұлыстың ұлы күні ауа райы қандай болса да, пейілі кең, жүрегі ақ, дархан халқымның дастархан жаятын қонақжайлылығын ерекше атап өткім келеді», - деп ақ жүрекпен құттықтап, елдің тыныштығы мен халықтың ырыс-ынтымаққа кенелуін тіледі.

Алматы қалалық мешіттің имамы Аманолла қажы жиылған жамағат­қа Ұлыс оң, ақ мол болсын! Бақ-дәулет арылмасын, әз-Наурыз жарылқасын! деген ақ батасын жаудырды.

Ал академик Батыр Айтжанов «Наурыз келді!» атты жыр шумағын көпшілік алдында оқып, дәстүрлі мерекеміз жыл сайын өз жалғасын тауып, дастарханымыз тек қана жақсылық пен қуанышқа жайылсын деген әдемі тілегін арнады.

Алаңда соны­мен қатар қол күресі, арқан тарту, кір тасын көтеру, асық ату сынды спорттық ойын үлгілері ойналды.

Кеш соңына қарай салт-дәстүрді берік ұстанған құдалар ауылы, кітапхана ұжымы I орынмен қанжығасын майлады.

Ал, «Ең үздік дастархан мәзірі» номинациясы бойынша Алматы ауылы, биология және биотехнология факультеті, «Ең дәмді наурыз көже» номинациясы бойынша №5 және №17 студенттік үйлері, «Ең дәмді палау» номинациясы бойынша заң факультетінің оқу ғимараты, «Ең үздік тәтті-дәмділер» аталымы бойынша механика-математика факультеті, «ең дәмді қымыз» номинациясы бойынша №15 студенттер үйі мен философия және саясаттану корпусы марапатталды.

«Ынтымақты елде ырыс тұрар» демекші студенттер қалашығының директоры Ә.Ә.Сейітжановтың бастамасымен өткен іс-шараға ҚазҰУ қалашығының оқытушылары мен қызметкерлері, студенттері мен тұрғындары түгел қатысып, ауызбіршіліктің тұтастығын көрсете білді.