- Главная
- Новости текущего года
Заң факультетінде «Ашық есік күні» өтті
07.03.2019Қазақ балаларының білім нәрімен сусындатқан, киелі қарашаңырағы болған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Заң факультетінде 2019 жылдың ақпан айының 28-ші жұлдызында «Ашық есік күні» өтті.
Университет үшін дәстүрлі болған бұл іс-шараға білім беру мекемелері – мектептерден оқушылар, колледж студенттері, мұғалімдер мен ата-аналары келді. Келген қонақтарды Заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі з.ғ.д., профессор Гүлнар Үсейінова, кафедра ұжымы және Заң факультетінің 3 курс студенттері қарсы алды. Іс-шараның салтанатты ашылу рәсімінде болашақ түлектер мен ата-аналар алдында Заң факультеті деканының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары, з.ғ.к., профессор Уалихан Ахатов сөз сөйледі. Ол біздің университет жайлы баяндап, түлектерді білім ордасының жетістіктерімен таныстырды. Ашық есік күнінің өткізілуінің ең басты мақсаты – мектеп оқушыларына факультетте бар мамандықтар, ғылыми зерттеу жұмыстары мен әр кафедраның ғылыми зерттеудегі бағытын түсіндіру болды. Одан басқа мектеп оқушылары факультеттердің атақты ғалымдарымен, студенттік өмірімен танысты.
Оқушылар жоғарғы курс студенттерінен олардың оқу жылдары барысында студенттік өмірдің қызықты қырларын сұрады. Өз кезеңінде ҚазҰУ-дағы қызықты сәттермен бөлісті. Заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі мен оқытушылары қонақтарды ҚазҰУ оқу орнына қабылдау ережелерімен таныстырды, оқу үдерісінің ұйымдастырылуы мен факультеттегі қоғамдық өмір туралы әңгімелер берді.
Сонымен бірге университет және факультет бойынша экскурсия жүргізілді. Болашақ талапкерлерге өзекті презентация мен видео ролик көрсетілді, ұсынылатын мамандықтар мен дайындық бағыттары туралы ақпарат ұсынылды. Оқушылар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, тікелей жауап ала алды. Университетте оқудың болашағы мен тиімділігі, университет факультеттеріндегі мамандықтарды дайындау бағыттары, қабылдау ережелері туралы біліп, оқу кабинеттері мен зертханаларды көріп, факультет басшыларымен кездесуге мүмкіндік алды.
ҚазҰУ қонақтары бұл күні Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер Сарайы, Жастар Интернет орталығы, «Ай-Тұмар» қоғамдық тамақтандыру комбинаты, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Спорттық сауықтыру кешені, Әл-Фараби атындағы кітапхана, мұражайы, Биологиялық мұражай, Қазақстанның палеолит мұражайы, Қазақстанның көне және ортағасырлық археологиясы мұражайы, Шығыс мұражайында болып, жұмыстарымен танысып, үлкен әсер алды.