- Главная
- Новости
ШЫҰУ – білімдегі ұтқыр байланыс кепілі
08.09.20108 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстандағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және ТМД елдерінің желілік университетін құрайтын жоғары оқу орындары басшыларының кезекті мәжілісі өтті. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде орын алған бұл мәжіліс осымен екінші рет өткізіліп отыр. Астанада өткен алғашқы бас қосуда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстандағы ШЫҰ және ТМД Желілік университетін құрайтын ЖОО басшыларының есебі тыңдалып, 2010 жылы пилоттық жобаларды іске асыру, ШЫҰ және ТМД-ның Желілік университетінде оқу гранттарын бөлу мәселелері талқыланған болатын.
Ал Қазақстандағы ШЫҰ және ТМД желілік университетін құрайтын ЖОО басшылары бас қосқан маңызды шарада аталмыш университеттің квотасы негізінде оқуға түсетін талапкерлердің іріктелу қортындысы қарастырылып, оқу бағдарламалары мен Қазақстандағы ШЫҰУ-дың өзекті мәселелері талқыланды. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы университеті негізінде білім алатын студенттер шетелдік сертификат пен өз елінің дипломын иелене алады. Осы орайда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ШЫҰУ Оқу орталығы директорының орынбасары Жанна Төреғожина: “Бұл оқу жылына Шанхай Ынтымақтасты Ұйымы Университеті бойынша Ресейге студенттер экономика, менеджмент, филология, юристпруденция мамандықтары негізінде жіберілмек. Грант саны он екіні құрады. Оның алтауы ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан бөлінген, ал қалғаны Ресейдің Білім және ғылым министрлігінің үлесі. Алайда, бұл грант көрсеткіші барлық үміткерді қамти алмады. Осы бағдарлама бойынша құжат тапсырып, оқуға ынта білдіргендердің саны алпыстан асты. Яғни бұл дегеніміз ШЫҰУ –ізденушілердің қосымша білім алу сеніміне ие. Оқытушы мен студент арасындағы ұтқыр байланыстың мүмкіндігі осы бағдарламада екендігіне үміт артқан талапкерлердің көптігін ескере отырып, алдағы уақытта бөлінер гранттың санын да қарастыру керек деп ойлаймын. Келесі оқу жылында келісім шартта көрсетілгендей студенттер ШЫҰУ бойынша ШЫҰ мүше елдердің университеттеріне оқуға жіберіледі”, - деген пікірін жеткізді.
- “ШЫҰУ бойынша төрт мамандық қолға алынуда. Олар биотехнология, нанотехнология, IT технология және аймақтану мамандығы. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен ШЫҰ университеттерінің арасында көптеген келісім бар. Мәселен, аймақтану мамандығы бойынша Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетімен келісім-шарт қабылданды. Сол келісім-шарт бойынша ҚазҰУ-дың екі магистранты ресейлік стипендиямен үшінші семестрді Мәскеуге барып оқып келеді де, төртінші семестрде ҚазҰУ-ға келеді. Сонымен бірге аймақтану мамандығы бойынша біз Қырғыз мемлекеттік университетімен, Орал мемлекеттік университетімен т.б. жоғары оқу орындары бойынша келісім-шарттарды дайындап жатырмыз. Студенттер оқыған елдері бойынша сертификат иеленеді де, өз университетіне келіп дипломын алады”, - дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аймақтану бағыты бойынша тьюторы Клара Мақашева.
Сондай-ақ, мәжіліс барысында Желілік университеттің оқу бағдарламалары, Қазақстандағы ШЫҰУ Ректорлар кеңесінің жобасы, 2011 жылдың бірінші жарты жылдығында Астанада ШЫҰ мүше-елдер ректорларының екінші форумын өткізудің іс-шаралары талқыланды.