- Главная
- Новости
Польшадағы Адам Мицкевич университетінің Білім және халықаралық ынтымақтастық жұмысы бойынша проректоры Яцек Виткость бастаған делегация ҚазҰУ-ға келді
09.09.20109 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Польшадағы алдыңғы қатарлы білім ордасы Адам Мицкевич университетінің білім және халықаралық ынтымақтастық жұмысы бойынша проректоры Яцек Виткость, Қазақстандағы Польша Республикасының елшісі, Шығыстану Институының профессоры Марк Гавецкий, Адам Мицкевич университетіндегі азиятану кафедрасының профессоры Хенрык Янковский және Алматыдағы Польша Республикасы Бас консульствасының вице-консулы Юстина Афек арнайы сапармен келді.
Адам Мицкевич университетінің сапары екі университеттер арасындағы әріптестік ынтымақтастықты нығайтуды алға қойды. Қонақтарды ҚазҰУ-дың оқу жұмысы жөніндегі проректоры Мұрат Кәдесұлы қарсы алып, шетелдік әріптестерін университет жетістіктері мен оқу жұмыстарымен таныстырды. “ҚазҰУ да халықаралық әріптестік өте жақсы дамыған. Сіздердің оқу орындарыңызбен де тығыз байланыстамыз. Алда студенттерді алмастырып оқыту, оқытушылардың тәжірибелік өтілімін жетілдіру жұмыстарын дамытамыз”, - дейді проректор.
Тарих, этнография, филология, география, геология, биология салалары бойынша ынтымақтастық жөніндегі келісім-шарт негізінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Адам Мицкевич атындағы университетпен 1991 жылдан бері тығыз байланыс орнатып келеді. Польшаның Познань қаласындағы ең ірі оқу орнының білім және халықаралық ынтымақтастық жұмысы бойынша проректоры Яцек Виткость: “Біз қазақстандық 4 университетпен әріптестік байланыстамыз. Соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен ерекше тығыз қатынастамыз. Халықаралық рейтингігі шығу үшін жетекші жоғары оқу орындарымен жұмыс істеу керектігін ескерсек, ҚазҰУ осы талаптардан шығады. Осы орайда ғылым жолындағы ізденушілерді, магистранттарды біздің университетке тәжірибе алмасып, оқып қайтуларына қолдау жасаймыз”,- дейді.
Ал Адам Мицкевич университетіндегі азиятану кафедрасының профессоры, түріктанушы Хенрык Янковский: “Біздің университетте “Болашақ” бағдарламасы бойынша қазақстандық оқытушылар келіп дәріс беруде. Бізде түрікология бөлімінде қазақ тілі және әдебиеттерінен де дәрістер оқылады. Сонымен бірге студенттер келіп алмасып оқу бағдарламасымен білім алып жатады. Біздің елдің білімгерлері де ҚазҰУ- дан маманданып қайтады. Бұл әріптестікті дамыта бергіміз келеді. Мен түріктанушы ретінде қазақ тілін үйреніп, осы тілдің қасиетін зерттей түскім келеді”, - деген ойды алға тартты.
Білім және ғылым саласындағы екі жақты жоспарлар мен бағдарламалар айтылғаннан кейін проректорлар бір-біріне естелік кітаптарын табыс етті.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі