Жаңалықтар

Цифрлық экономика жағдайында

15.01.2018

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында еліміздің өркениет ажары мен назарына сай дамуымыздың шарты – 10 іргелі  бағыты аталып, солардың қай қайсысында болмасын цифрлы технологияларды дамытуды — негізгі мақсаттардың бірі деп көрсетті. Экономикалық қарым-қатынастар, ұялы байланыс және көзді ашып-жұмғанша алуан түрлі ақпараттармен ғаламды торлаған, төрткүл дүниені кез келген уақытта көз алдыңа әкеліп, аядай алақаныңа сыйдырып отырған интернеттің дамуы, сондай-ақ қоғам әр кез адамзат баласы тұтынатын сан алуан тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын шығыстардың төмендеуіне байланысты цифрлық экономика, яғни цифрлық технологияларға негізделген экономикалық қызмет ұғымы пайда болды. Осы құлаққа таңсық та  әрі таныс «Цифрлық экономика» деген термин қолданысқа алғаш рет 1995 жылы америкалық информатик-ғалым Николас Негропонтпен енгізілген. Үстіміздегі дәуірде, яғни қазіргі уақытта бұл терминнің нақты  анықтамасы болмаса да, – бүкіл дүниежүзіндегі өркениетке ұмтылып отырған елдердің әлеуметтік-қоғамдық  өндірістік қатынас-байланыстарында белсенді қолданысқа, инновациялық тетікке ие. 

Елбасының Жолдауында қазіргі уақытта технологиялық инфрақұрылымның дамуы мен үлкен деректер (big data) базасын пайдалану біздің қоғамымыздың ауқымды цифрлық түрленуіне алып келуін баса айтты. Егер цифрландырудың алдыңғы кезеңі миллиондаған тұтынушылардың Интернетке қол жетімділігін кеңейтумен сипатталса, ал жаңа кезең – цифрлық қызметтердің, өнімдер мен жүйелердің кең спектрін кибер-физикалық жүйеге біріктірумен ерекшеленеді. «Цифрға» жаһандық көшу – экономиканың көптеген секторларының түбегейлі өзгерісіне алып келуі ықтимал. Шын мәнінде, бүгін де барлық салаларды цифрландыру үрдісі жүріп жатыр – технологиялық құрылым мен өндірістік тізбектер, сұраныс пен өндірісті басқару үрдісі және басқа да инновациялық сипатпен өзгеруде. Көптеген сарапшылардың пікірі бойынша, алдағы 5-7 жылда біздің өміріміз түбегейлі өзгеруі мүмкін, мұндағы біздің міндетіміз – аталған технологиялық айналымды жіберіп алмай, Қазақстанның технологиялық алдыңғы қатарлы мемлекеттер тізіміне енуін қамтамасыз ету.  

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, техника ғылымдарының докторы, академик Ғ. Мұтанов ИТ мамандарына арналған семинарда «Экономиканың жаһандану жағдайы мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы технологиялық үрдістерді дамыту нәтижесінде білім беру жүйесі - виртуалды оқыту ортасы, қашықтықтан оқыту, онлайн оқыту, нақты уақыт режимінде оқыту, әлеуметтік желілерге арналған құралдар, желілік кітапханалар мен деректер банкіне қолжетімділік сияқты оқытудың интерактивті нысандарымен байытылды» деген болатын. Расымен де бұған дәлел ретінде университетіміздегі «E-campus» жүйесін айтуға болады. Бұл цифрлық әртараптандыруды шетелдік рейтингтік компаниялары да байқады, нәтижесінде «World University Ran­kings» QS (Ұлыбритания) беделді Агенттіктің зерделі зерттеулерінің нә­тижесі бойын­ша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлем­нің ең үздік университеттер арасынан ойып тұрып, 236-орынды иеленді.

Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, цифрлық экономика әлеуметтік қызмет және экономиканың барлық секторларына дамытушы ықпал жасайтындықтан, осы цифрлық экономика арқылы нысандандыруға келетін барлық салаларды қамтуға болады. Цифрлық экономика туралы айту барысында блокчейн тақырыбына тоқталмау мүмкін емес. 

Блокчейн  бұл таратылған кітап түрі. Цифрлық нысанда жазылған деректер – блоктар деп аталады. Әр блок криптографиялық қолтаңба негізінде келесі блокқа «байланады». Бұл тиісті рұқсаты бар кез келген адам қол жеткізе алатын тіркелім сияқты блоктар тізбектерін пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ блокчейн мемлекеттік органдарға, әсіресе жер кадастрына байланысты жобаларды жүзеге асыру барысында үлкен мүмкіндіктер ашады. Мәселен, блокчейнді пайдалану барысында құжаттарды қашықтан тіркеу қауіпсіздігінің деңгейі артып, жер телімдерін тіркеу құны төмендейді.

Елбасы өз Жолдауында «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі»  екенін баса айта кетті. Сонымен қатар «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек», деді.

«Ақылды технологияларға» негізделген цифрлық ауылшаруашылығы жөнінде айтатын болсақ, GPS/ ГЛОНАСС мониторинг жүйесін енгізбей осы саланы цифрлық кеңістікке аудару мүмкін еместігін түсіну қажет. GPS / ГЛОНАСС  жүйесі,  бұл –– спутниктік жүйелер негізінде ауыл шаруашылығы техникасын диспетчерлеу және мониторингілеудің телеметриялық жүйесі. Аталған жүйе аймақ-өңірлердегі ауылшаруашылығы жерлерін есепке алуды ұйымдастыруға; орындалған жұмыстарды, олардың орындалу жылдамдығын және әрбір көлік бірлігінің жанар-жағармай шығынын есептеуге; әр саладағы технологиялық операцияларды есепке алуға және жоспарлауды ұйымдастыруға, сондай-ақ егіс алқаптарының, ауыл шаруашылығы жерлерінің, метеорологиялық жағдайлардың спутниктік байқауынан алынған деректерді талдауға; жекелеген алқаптардың тиімді өнімділігін бағалауға; пайдаланушыға нақты технологиялық шешімді қабылдау барысында ақпараттық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Көптеген мемлекеттер бизнеспен қатар жаңа цифрлық экономика жағдайында қоғамды басқару үшін табиғи және антропогендік ортаны кеңістіктік қатынастарда сипаттайтын білім қажет деген қорытындыға келеді. Цифрлық технологиялар жергілікті билік, серіктестіктер мен қауымдастықтар үшін әлеуметтік құндылықтарға үлкен әсер етуі мүмкін.

Қорыта келе, цифрлық экономиканың дамуы бизнестің ішкі және сыртқы ортасына әсер етіп қана қоймай, ел үкіметінің саяси мүмкіндіктеріне де елеулі ықпалын тигізеді. Кәсіпорын тұрғысындағы өндіріске Интернет кез келген кәсіпорынға, тіпті шағын капитал салымдарымен өз өнімдерін күллі әлем бойынша сатуға; шығындарды азайту; еңбек өнімділігі мен тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Дегенмен технологиялық өзгерістер бизнесті жүргізу үшін жаңа нарықтық ережелерді жасайды, оған сәйкес жаңа бәсекелестік стратегияларды іздеу және бәсекелестіктің тиімділігін арттыру қажет болады. Үкімет цифрлық технологияларды пайдаланудағы жалпы ілгерілеушілік прогресті бағалау, цифрлық салада жергілікті деңгейде сәтті тәжірибелерді анықтау, мемлекеттік қызметтер саласында технологияларды дамыту, ережелер мен нормативтік актілерді өзгерту мүмкіндігін иеленеді.

Жолдауда атап көрсетілгендей, алдымызға озық дамыған отыз елдің қатарынан ойып орын алу биік мақсатын қазақ қоғамында жүзеге асырамыз десек, төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне  цифрлық экономикаға көшу– өркениеттен үмітті еліміздің  жарқын болашағы болмақ.

Елімізді осылайша цифрлық дәуір талабына сай индустрияландыруда бүгінгі тақырыбымызға  өзек болған цифрлы экономика — қоғамдық-әлеуметтік, өндірістік қатынастарды, түрлі қызмет көрсетулерді  және т.б. тың сипатты деңгейге көтеріп  инновациялық дамыту, инфрақұрылымдық нысандарды жаңаша өркениет үрдісімен басқаруда, яғни халықтың  әлеуметтік тұрмыс сапасын жақсартуда  көшбасшы тетіктердің  бірі екендігі даусыз. Төртінші өнеркәсіптік революция  дәуірінде іргетасы цифрлық технологияларға негізделген   ілгерілеп дамуымыздың алдымызда тұрған 10 міндетін  Елбасының Жолдаудағы сөзімен тұжырымдасақ,  болашаққа  «Бұлар — түсінікті  әрі айқын» бағдарлама болуға тиісті.

 

С.Т. Зиядин 

экономикалық зерттеу орталығының директоры,

экономика ғылымдарының докторы,

профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті