14 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2010-2014 жылдарға арналған технологиялық модернизация және инновациялық даму бағдарламасы талқыланды. Кезектен тыс өткен бұл жиында ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов, ҚР ЖОО қауымдастығының президенті Рахман Алшанов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, «Дасу» АҚ вице-президенті Қағазбек Еренчинов, Алматы қаласы әкімдігінің жастар саясаты жөніндегі басқармасының басшысы Бахтияр Мәкен және тағы да басқа бірнеше ғалымдар бас қосты.
ҚазҰУ-дың ректоры Бақытжан Тұрсынұлы: «Жиылыстың негізгі мақсаты инновация және технологиялық модернизацияны дамыту бағдарламасына орай өткен алдыңғы кездесуде қаралған міндеттерді жетілдіру» екендігін атап өтті. Сонымен қатар бұл кеңеске жүктелетін сенімнің зор екендігін және осы айдың соңына қарай тағы бір кезек кездесу мәжілісін ұйымдастыру ұсынысын тастады.
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Айдар Бексұлтанұлы Жақыпов кездесудің бас баяндамасын назарға ұсынып, 2010-2014 жылға арналған бағдарлама жұмысымен таныстырды. Сондай-ақ, 2003-2010 жылдары осы бағытта жасалған жұмыстарға шолу жасап өтті. Маманның баяндамасынан белгілі болғандай бұл жылдар аралығында қаржының басты бөлігі Казсатқа жұмсалған екен.
Алматы қаласының жоғары оқу орындарының ректорлары, ҒЗИ директорлары, ғылыми орталықтар мен мекеме жетекшілерінің қатысуымен өткен жиында технологиялық модернизациялық және инновациялық даму жұмыстарын жетілдірумен қатар ғылыми академияларға, ғалымдарға колдау жасауды да мықтап қолға алу керектігі айтылды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі