News

Математиктердің халықаралық ғылыми форумы өтті

9/12/2008

11 қыркүйек күні әлемнің 12 елінің жетекші ғалымдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Ғылым, техника мен білім беру ісіндегі есептеу және ақпараттық технологиялар» (ЕАТ-2008)атты халықаралық конференцияға жиналды. Халықаралық деңгейдегі бұл жиын Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің есептеу технологиялары Институтымен (Новосибирск қаласы) ғылыми ынтымақтастық негізінде ұйымдастырылып отыр.

Конференцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР ҰҒА академигі Бақытжан Жұмағұлов ғылыми зерттеулері арқылы өз елінің ғана емес, әлемдік математика ғылымының дамуына орасан зор үлес қосып жүрген ғалымдар еңбегін жоғары бағалады. Сонымен қатар бұл конференцияның көптеген елдер, әсіресе Қазақстан мен Ресей ғалымдары үшін дәстүрге айналып, достықтың символы ретінде қабылданатындығын жеткізді.

РФ РҒА академигі Юрий Шокин әріптестері алдында сөйлеген сөзінде жыл сайын Ресей мен Қазақстан ғалымдары арасында есептеу техникалары мен ірі есептеу кешендерін жасау саласындағы ғылыми байланыстар кеңейіп, нығайып келе жатқандығын айтты. Бүгінгі күні бұл ынтымақтастық РҒА СБ (Ресей) есептеу технологиялары Институтының, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (Қазақстан) мен Штудгард есептеу орталығының (Германия) үш жақты келісімдері аясында жалғасуда.

Алғашқы пленарлық мәжілісте математика мен механика саласындағы белгілі ғалымдар профессор Ф. Драммонд(Ленгли қ., АҚШ), профессорлар Д. Кроенер мен У. Масс (Германия), АҚШ-тың Питсбург университетінен профессор П. Гиви, профессор А. Хасаноглу (Түркия), профессор Ханжалик (Италия), т.б. баяндама жасады.

Осыған дейін математиктердің бұл беделді ғылыми форумы жыл сайын Ресейде өткен, 2002 жылдан бастап Қазақстанда ұйымдастырылып келеді. Профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық инженерлік академиясының академигі Нарғозы Данаевтың 60 жылдық мерейтойына арналған конференцияға 150-ге жуық ғалымдар қатысты. Олардың ішінде 50-і Ресейдің әртүрлі жоғары оқу орындарынан келсе, 40-қа жуығы Қырғызстан, Өзбекстан, АҚШ, Германия, Қытай, Италия, Түркия, Италия, Жапония, Сербия, Словения, Норвегия, Таиланд, Швецияның профессорлары.

Конференция жұмысына қатысқан ғалымдар қазіргі заманғы қолданбалы ғылымның ең өзекті мәселелері – жаңа ақпараттық технологиялар мен математикалық модельдеуді қарастырды. Сонымен қатар ғылыми жиында теориялық мәселелер, оларды өндірісте қолданудың әртүрлі аспектілері, техникалық жүйелердің қауіпсіздігі, жаңа техника үлгілерін жобалау, ғылым мен білім беруде және қоршаған ортаны қорғауда ақпараттық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. Тағы бір айта кетерлік жайт – NASA ғылыми орталығының математикалық модельдеу тобының жетекшісі Джон Филип Драммондтың айтуынша, олар жасап жатқан гипердауысты ұшу аппараттары үшін жасалып жатқан қозғауыштардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының бір бөлігін қазақстандық ғалымдар табысты атқара алады. Оның пікірінше, мұнда модельдеу ісіне жетік мамандар шоғырланған. Тағы бір американдық профессор, турбуленттілік жөніндегі маман Пейман Гиви біздің университпен әрі қарайғы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендігін жеткізді. Сонымен қатар ол студенттердің ғылымға деген талпыныстарына қайран қалғандығын, оларды өз университетіне тәжірибеден өтуге шақыруға дайын екендігін айтты.

Бұл форумның маңызы өте жоғары. Үш күн бойы ақпараттық ғылым мен білім беру ісінің қазіргі заманғы жай-күйі, телекоммуникация жүйелерін дамыту, математикалық модельдеу, экология мәселелері қарастырылмақ. Бұл конференция ғылым саласындағы ынтымақтастыққа, жаңа ақпараттық ресурстар мен нақты жобалар құру саласындағы іскерлік байланыстарға бастайды.

Халықаралық конференцияның тағы бір ерекшелігі – қазақстандық математиктер мектебінің бұрыннан қалыптасқан дәстүрін қайта жаңғыртпақ. Биылдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жыл сайын кезінде мемлекетаралық мәртебе мен халықаралық деңгейдегі ғалымдар мойындаған Жоғары оқу орындары арасындағы математика мен механикадан конференция өткізбек.

 

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі (247-05-67)