News

БАҚ: жазғы семестрге – «үздік» баға!

9/17/2008

Университетке жаңа топ-менеджменттің келуіне байланысты жаздағы ақпарат маусымы қарқынды, жағымды жаңалықтарға толы болды. БАҚ өкілдерін шақыруға өзек болған оқиғалар - университет басшылығының көрнекті мемлекет қайраткерлерімен, журналистер,  шетелдік делегациялармен кездесулері, университет ғалымдарының бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне арналған ой бөлісу, пікір алмасулары екендігін айта кеткен жөн.

Университет ұжымы үшін айтулы оқиға 11 тамыз күнгі Президент Н.Ә. Назарбаевтың   әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Б.Т. Жұмағұловпен кездесуі болды. «Еліміздің жетекші оқу орнының ректоры  Мемлекет басшысын университеттің алдағы үш жылдық даму стратегиясымен таныстырды. Сонымен қатар Қазақстандағы жоғары білім беру саласын дамыту бойынша өз ойларымен бөлісті»,- деп хабарлады еліміздің ірі БАҚ-тары (Қазақ ақпарат агенттігі, Хабар агенттігі, Қазақстан ұлттық арнасы, Қазақ радиосы мен «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері).  

Журналистер күні Қазақстанның жетекші БАҚ басшылары университетке қонаққа шақырылды. Ректор Б.Т. Жұмағұловтың бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен кездесуін университеттің жаңа басшылығының алғашқы ресми іс-шарасына жатқызуға болады. Бұл оқиға еліміздің 18 бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды (13-20 маусым 2008 жыл).

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да биылғы жылдың ең басты мерекесі - Астананың 10 жылдығына арналған "Астана: Қазақстанның және Елбасының триумфы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткендігі белгілі. Бұл айтулы оқиға 26 БАҚ-та жарияланды, олардың арасында ресейлік «Известия-Казахстан» мен «АиФ-Казахстан» бар (23 маусым - 5 шілде 2008 жыл).

2008 жылдың 25 маусымы күні Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан алғашқы PhD докторлары түлеп ұшты. Бұл жаңалық 20 ірі бұқаралық ақпарат құралдарының басты назарында болды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев белгілеген мемлекеттің ішкі саясатының негізгі басымдықтары мен идеологиялық жұмысын талқылауға арналған университет активінің мәжілісі туралы 8 БАҚ-та айтылды, олардың арасында - Қазақ радиосы, Алматы және Рахат телеарналары, «Егемен Қазақстан» мен «Страна и мир» газеттері бар. 

Шілде айының басында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Американдық сәулетшілер институтының ғылыми қауымдастығының толық мүшесі, Иель университетінің сәулет мектебінің деканы Роберт Штерн мен «Robert A.M. Stern Architects»  компаниясының іскерлік серіктесі Грант Марани арнайы сапармен келгендігі туралы ақпарат Қазақ ақпарат агенттігі, Қазақ радиосы, «Президент және халық» газеттерінде (01.07.2008) жарияланды. Осы күндері ректор ЕурАзЭҚ бас хатшысы Таир Мансұровпен кездесіп, ол туралы «Казахстанская правда» (11.07.2008) мен «Страна и мир» газеттері (18.07.2008) жазды.

Журналистика факультетін жаңа тәмамдаған әріптестері туралы Қазақ радиосы, Қазақстан мен КТК телеарналары, «Айқын», «Литер», «Central Asia Monitor» және «Страна и мир» газеттері қуана хабарлады (16-18 шілде 2008 жыл).

Алғашқы орынды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті иеленетін Қазақстан жоғары оқу орындарының рейтингісі «Казахстанская правда», «Известия-Казахстан», «Литер», «Аргументы и факты» сияқты беделді басылымдарда жарық көрді (25 шілде - 6 тамыз 2008 жыл).

13 тамыз күні ректор Б.Т. Жұмағұлов АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дж. Ордвей мырза мен «АҚШ пен НАТО ғаламдану үрдісінде» атты жазғы мектептің тыңдаушыларымен кездесті. Ол туралы Қазақ ақпарат агенттігі, Қазақ радиосы мен Алматы, Таң телеарналары жариялады.

Бейжің Олимпиадасында күміс медалін жеңіп алған біздің университеттің студенті Асхат Житкеевтің спорттағы ерлігі туралы барлық қазақстандық ақпарат құралдары тамсана жазды. Бұл үлкен жетістік, сондықтан да білім ордасының ұжымы Олимпиада қоржынына қомақты үлес қосқан шәкіртін әркез мақтан етеді.

«Казахстанская правда» газеті (28.08.2008) Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы биылғы жылғы магистратура мен PhD докторантурасына қабылдау барысы туралы репортаж дайындап, онда проректор М.К. Орынхановтың сұхбаты жарияланды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері жаңа оқу жылында ерекше қуанышқа кенелді. Себебі ҚазҰУ қалашығында толық күрделі жөндеуден өткен екі бірдей жатақхана - Студенттер үйі ретінде пайдалануға берілді. Бұл жағымды жаңалық 13 республикалық және қалалық БАҚ-тардан көрініс тапты. Олардың қатарында Хабар, Қазақстан, Астана, Алматы, КТК, Таң телеарналары, «Егемен Қазақстан», «Алматы ақшамы», «Вечерний Алматы», «Страна и мир» газеттері бар.

Жаңа оқу жылы алғаш рет «Университеттік білімнің еліміздің дамуындағы ролі» атты ректор Б.Т. Жұмағұловтың дәрісімен басталды. Сонымен қатар Білім күнінде әр факультетте университет мақтанышына айналған түлектер дәріс оқыды. Жоғары оқу орындарындағы бұл жаңашыл үрдіс туралы Қазақ радиосы, Хабар агенттігі,  КТК, 31-арна телеарналары, «Егемен Қазақстан», «Дала мен қала», «Страна и мир» газеттері хабарлады.

Еліміздің ақпарат кеңістігіндегі университет ғалымдарының еңбегін де ерекше атап айтуға болады. Авторлық мақалалар қатарында профессорлар Л.А. Байделдиновтың «Страна и мир» (04.07.2008), Қ.Т. Жұмағұловтың «Страна и мир» (11.07.2008), Қансейіт Әбдезұлының «Егемен Қазақстан» (18.07.2008), З.К. Шаукенованың «Страна и мир» (24.07.2008), Н.А. Алдабектің «Айқын» (04.06.2008) газеттеріндегі мақала, сұхбаттары, «Айқын» (30.08.2008) газетіндегі академик С.С. Сартаевтың сұхбаты, география факультетінің деканы (қазіргі проректор) В.Г. Сальниковтың «Новое поколение» (18.07.2008) газетіндегі мақаласы, өзекті саяси мәселелер төңірегіндегі проректор Ш.А. Әмірбековтың «Қазақ әдебиеті» газетіне (04.07.2008) жарияланған пікірлері бар.

Жалпы жаз маусымы мен жаңа оқу жылының басында университетте ақпаратқа өзек боларлық 15 шара өткізіліп, ол туралы республикалық БАҚ-тарда 158 материал жарияланған. Олардың ішінде 14-і университет ғалымдарының авторлық мақалалары, комментарийлер мен сұхбаттары, 14-і жарнамалық хабарландырулар мен 20-дан астамы ҚазҰУ-дың аты аталған жарияланымдар.

 

Баспасөзге шолуды дайындаған  ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі