2018 жылдың 16 ақпан күні Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы жанындағы Қытай мәдениеті мен әдебиеті орталығында Қытайдың Чун Цзэ – Көктем мейрамы аталып өтті. Жаңа жылды көктемде тойлау шығыс халықтарының көбіне тән. Чун Цзэ мейрамы қытайлықтардың ең ұлық мейрамы. Адамзатқа үміт сыйлайтын, өмірге құштарлық сыйлайтын бұл мереке жаңарудың, жасарудың, жаңалықтың жаршысы іспеттес.
Бұл мейрам «Қытайдың мәдениеті мен әдебиеті» деген атпен ашық есік күні форматында өтті. Іс-шараға құрметті қонақ ретінде Алматыдағы ҚХР консулдығының өкілдері келіп қатысты. Атап айтсақ, Бас консулдың Орынбасары Гуо Чиң чяо мырзамен мен Консулдың мәдениет және оқу ағарту саласы бойынша аташесі Ваң Цзипин мырзаларды кітапхана директорының орынбасары Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы өзі күтіп алды.
Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының магистранттарының күш салуымен ұйымдастырылған іс-шараның мазмұны өте бай һәм ауқымды болды. Келген қонақтар қытай калиграфия өнері - шу фадан бастап, қағаздан ою-өрнек қию - цзиен жі, шәй демдеу салты сияқты өнерлерді тамашалаумен қатар, үйымдастырушылар өз қолдарымен әзірлеген дәстүрлі қытай тағамдарынан ауыз тиді. Кеш мерекелік концертпен ұласты. Алматы қаласындағы түрлі оқу орындарында қытай тілін оқып жатқан студенттер мен қаламызға білім қуып келген қытайлық студенттердің бірлесіп қойған концерті, жиналған көрерменнің көңілінен шыққаны сөзсіз.
Бұл ауқымды шара Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының 2 курс докторанттары Керімбаев Ержан мен Мадиев Даниярдың қызықты дәрісімен аяқталды. Докторанттар кітапхана ұжымының арнайы өтінішімен, өздері зерттеп жүрген тақырыптың аясында, жиналған қауымға Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстар туралы және Қытайдың мәдениеті мен тілін әлемге тарату саясатынан тұшымды ақпарат берді.
Кітапхана басшылығы іс-шараны ұйымдастыруда белсенділік танытқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының магистранттары мен докторанттарына бүкіл кітапхана ұжымының атынан алғыс білдірді.