Гуманитарлық
Факультет жаңалықтары мен оқиғалары

Республикалық олимпиадада ҚазҰУ студенттері топ жарды

01.03.2018

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде жыл сайын өтетін "шет тілдер" мамандығы бойынша республикалық олимпиадада ҚазҰУ-дың студенттері топ жарды.

Аталмыш республикалық пәндік олимпиадада жапон тілі секциясы бойынша  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының жапонтану бөлімінен биыл 10 студент қатысты.

Олимпиаданың бірінші турына жалпы саны 16 студент қатысты. Бірінші турда студенттер жапон тілі мен жапон әдебиеті бойынша тест жұмысын, сондай-ақ берілген тақырып бойынша жапон тілінде эссе жазып, білім сынасты. Бірінші тур нәтижесі бойынша 8 студент келесі екінші турға өтті. Ал екінші турда студенттер жапон тілінде «Филологиялық зерттеулердегі мәдениетаралық қатынастың когнитивтік-тұжырымдық маңызы» атты  тақырып бойынша өз жоба жұмыстарының презентациясын жасады.

Екі тур нәтижесі бойынша үш жүлделі орынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  шығыстану факультеті, Қиыр Шығыс кафедрасы жапонтану бөлімінің студенттері иеленді.

Атап айтар болсақ,  1-орынды 4 курс студенті Бейсенбай Зере, 2-орынды 3 курс студенті Қанапия Айтолқын, ал 3-орынды 3 курс студенті Умешова Меруерт иеленіп,  арнайы диплом және сыйлықтармен марапатталды.

Жапон тілі секциясы бойынша Алматыдағы Мицубиши банкі өкілдігінің басшысы Х.Асано, Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығының маманы А.Сегава, жапон тілі маманы Ю.Сегава, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жапон тілі оқытушылары М.Шадаева, С.Боранқұловалар төрелік етті.