Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушылары С.К.Боранқұлова мен М.Т.Шадаева факультет оқытушыларына арнап «Шығыс тілін оқыту әдістемесі: жапон тілі негізінде» атты әдістемелік семинар өткізді. Семинарда негізінен сөйлеу дағдысын жетілдіру жайлы тақырып қозғалды. Адамның сөйлеу әрекеті кезінде болатын процестерді қалай есепке ала отырып, шет тілін оқып-үйрету керек деген мәселе жапон тілінің негізінде қарастырылды.
Екі оқытушы да осы оқу жылында Жапон Қорының грантымен Урава қаласындағы Халықаралық Жапон тілі Орталығында «Sakura Network Training Program for Teachers of the Japanese Language» атты жапон тілі оқытушыларына арналған біліктілікті арттыру курсынан өтіп, арнайы сертификат иеленіп келген. Аталмыш әдістемелік семинар соның бір қорытынды есебі іспеттес болды.
Бұған дейін кафедраның бірнеше оқытушысы Жапон Қорының «Жапон тілі оқытушыларына арналған ұзақ мерзімдік курс» (6 айлық), «Жапон тілі оқытушыларына арналған қысқа мерзімдік курс» (2айлық) деген сияқты курстарына барып, жапон тілі деңгейін өсірумен қатар, кәсіби деңгейін де көтеріп келген болатын. Оқытушылардың өз алған тәжірибелерін тек күнделікті сабақта ғана жаратып қоймай, осындай семинарлар арқылы өзге де әріптестерімен бөлісуі өте құптарлық жайт.