Гуманитарлық
Факультет жаңалықтары мен оқиғалары

Әзербайжанның Төтенше және Өкілетті Елшісімен Елші сағаты

17.04.2018

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінде Әзербайжанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Маммадов Эйнаддиноғлы Түрксой кафедрасының ұстаздары және студенттерімен елші сағатын өткізді.

Факультет деканы PhD Ыктияр Молдатөреұлы Әзербайжанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Мамадов   мырзаға тамыры бір түркі халқы екенін және мәдени, тарихи құндылықтарымыздың ортақтығын ерекше атап өтті, ризашылығын білдірді.

Әзербайжан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Рашад Маммадов елші сағатының Түрксой кафедрасында өткізілгеніне қатты ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта атқарылатын жоспарлармен бөлісті, яғни Әзірбайжан Демократиялық Республикасының 100 жылдық мерекесін тойлау аясындағы жұмыстар туралы баяндап берді. Сондай-ақ Шығыстану факультеті базасында Түрксой кафедрасында әзербайжан ғылыми-білім беру орталығын ашатындарын айтты. Осы орталықтың аясында әзербайжан тарихы мен мәдениеті, тілі мен әдебиеті терең зерттелетін болады. Түркітануға қатысты конференциялар, семинарлар ұйымдастырылып, әртүрлі мәдени іс-шаралар өткізіледі. 2018-2019 оқу жылынан бастап Түрксой кафедрасына әзербайжан тілін оқытатын арнайы оқытушы жіберу жағы да сөз болды. Биылғы жылы Әзербайжан ақыны Гусеин Жәуидтің 100 жыл толып отыр. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы тарапынан тойланатын ақынның мерейтойын ҚазҰУ Шығыстану факультетінде атап өтілетін болды. Елшіге студенттермен, оқытушылармен, тәжірибе алмасу және біліктілігін арттыру мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен Бакудегі Ұлттық университетпен келісім жасасу мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс түсті. Елші бұл мәселеде өз үлесін қосуға қуанышты болатынын айтты.

Кездесуде елші консулдық қызметіндегі тәжірибелерімен бөлісті, көптеген сауалдарға жылы шыраймен жауап берді.

 

Түрксой кафедрасының ф.ғ.к.,

доцент м.а.  Қортабаева Г.Қ.