2018 жылдың 4 қыркүйек күні Пекин қаласындағы Қытайдың Қоғамдық Ғылым Академиясының (ҚҚҒА) бір топ ғалымдары Шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасы мен Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығына кездесуге келді. Делегацияны Қытайдың Қоғамдық Ғылым Академиясы Қытай мәдениетін зерттеу орталығының атқарушы директоры, жоғары категориялы эксперт, профессор Ли Хы бастап келді. Профессор Ли Хы ҚҚҒА философия институты Қазіргі заманғы Батыс философиясы бөлімінің зерттеуші-ғалымы. Делегацияның құрамында ҚҚҒА Қытай мәдениетін зерттеу орталығының зерттеуші-ғалымы, профессор Жаң Сяо Миң, ҚҚҒА аз ұлттар әдебиетін зерттеу институтының солтүстік бөлімінің меңгерушісі, зерттеуші-ғалым, профессор Әділ Жұматұр, ҚҚҒА Шығыс Европа және Орталық Азияны зерттеу бөлімінің меңгерушісі, профессор Лю Сиен Жуң және ҚҚҒА Қытай мәдениетін зерттеу орталығының зерттеуші-ғалымы, профессор Жу болды.
Келген делегацияның негізгі мақсаты екі мекеме арасында ғылыми байланыс орнату, өз ара ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін қарастыру.
Кездесуді Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының директоры профессор Нәбижан Мұқаметханұлы бастап берді. Ол кісі кездесуге факультет және кафедра тарапынан қатысып отырған мамандарды бір таныстырып өткен соң, кафедра мен орталықтың ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттарын айтып өтті.
Артынша сөз алған Профессор Ли Хы өз әріптестерін таныстыра келе, өз ғылыми-зерттеу бағыттары туралы және Қазақстанға, университетімізге келгендегі мақсаттары мен міндеттері туралы кеңінен әңгімелеп берді. Профессор Ли екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынас пен ынтымақтастықты жандандыру туралы, екі елдің мәдениетін, рухани жауһарлары мен құндылықтарын, ойшыл-философтарын бір-біріне таныстыру туралы сөз қозғады.
Артынша сөз алған Қытай ғалымдары да екі елді мәдениет саласында байланыстырудың маңыздылығына тоқтала келе, аударма мәселесін жандандыруға күш салуды, екі жақты ғылыми жобаларды іске асыруды айтты.
Өз кезегінде сөз алған факультет деканының ғылыми жұмыс және иновация бойынша орынбасары Серікқалиева Ажар қазіргі кезде факультетте атқарылып жатқан ғылыми жобалар мен зерттеулер туралы таныстыра келе, ҚҚҒА мен ҚазҰУ Шығыстану факультеті арасындағы ғылыми байланыстардың болашығының зор екенін атап өтті.