11 қазан күні Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының делегациясымен кездесу өтті. Делегация өкілдері Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы Шетел әдебиеті институтының директоры Хоу Вейхонг және институт профессорлары Ван Сяою, Хоу Дан. Кездесуге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Бірінші проректорының орынбасары, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Смаилова А.Б., Дүйсебаев Д.Қ. Имидждік саясат және қоғаммен байланыс Департаментінің директоры, «Бір жол, бір белдеу» зерттеу институтының жетекшісі, Конфуций институтының директоры Асылбеков Р.У., Шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасының меңгерушісі Оразақынқызы Ф. және оқытушылар құрамы қатысты. Шығыстану факультеті мен Конфуций институтының оқу-ағартушылық жағдайымен жақынырақ танысу үшін Шығыстану факультетінде Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының делегациясымен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге Қытайтану кафедрасының оқытушылар құрамы, студенттері, магистрант және докторанттары, Конфуций институтының директоры Асылбеков Р.У. және институт ұжымы қатысты. Кездесу барысында оқытушылар кафедраның жағдайы мен жетістіктерін таныстырды, өзара сұрақ-жауап алмасып, әдебиеттегі, аудармадағы үздік тәжірибелерімен бөлісті. Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының делегациясы Қытайтану кафедрасының кітапхана қорына шетел әдеби шығармаларының Қытай тіліне аударылған нұсқаларын тарту етті. Қонағымыз профессор Ван Сяою қазақ тілінде өзін таныстырып студенттерді таңдай қақтырды. Студенттер де өзінің көкейтесті сұрақтарын қойып, толымды жауап алды. Кездесу соңында Қытайтану кафедрасының оқытушылары алдағы уақытта жоспардағы аудармаларымен бөлісе отырып, академия тарапынан қолдау көрсетуді ұсынды. Кездесу нәтижесінде өзара студент алмасуға мүмкіндік туып, магистрант және докторанттардың Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында практикадан өтуі жайлы келісімге келді.