2018 жылдың 27 қазан күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Шығыстану факультеті үндітану бөлімінің студенттері Қазақстандағы Пәкістан бизнес форумы ұйымдастырған алғашқы Пәкістандық қысқы көрмеге қатысты. Бұл көрмеде Алматы қаласындағы “Пәкістан Ұлттық Банкі” АҚ өкілдері, банк төрағасы Рафик Мухаммад, орынбасарлары Хуссейн Ариф, Артыкбеков Талгат Калмухаметович, Қазақстандағы Пәкістан Ислам Республикасы Елшілігінің өкілі Басит Салим Шах қонақ ретінде келіп, көрменің ашылу салтанатының тұсауын кесті.
Ресми түрде ашылу салтанатының тұсауы кесілген соң негізгі ұйымдастырушалар Пәкістан бизнес форумы өкілдері «Star Sports International» компанясының бас атқарушы директоры Хабибуллах Ахтар мырза, MBA Management Президенті Хабиб Пирзада мырза, International Publishing House “Yellow Pages” маркетинг директоры Сарфараз Хуссаин алғысөз кезегімен іс-шараны ашты. Мерекені атап өту барысында үндітану бөлімінің студенттері Пәкістан Ислам Республикасының ұлттық киімдер үлгісін көрсетіп, фэшн-шоу қойды, үндітану бөлімінің ұстазы урду және парсы тілінде қалам кернеген ұлы ақын Мирза Галибтің ғазалін оқып, келген қонақтардың ықыласына бөленді.
Іс-шараны ұйымдастырудың нәтижесінде Алматыдағы Пәкістан Ислам Республикасының бизнес саласының өкілдері, “Пәкістан Ұлттық Банкі” АҚ, Пәкістан Ислам Республикасы Елшілігінің өкілдерімен урду тілін оқытып-үйрету мен қатар дамыту бойынша келешекте білім-ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты арттыру үшін ортақ іс-шараларды жүзеге асыру жоспарлары жасалынды.










