Қиыр Шығыс кафедрасы Токио шет тілдер университетінің профессорлық-оқытушылық құрамын тағы да қабылдады. Профессор Окада Акито арнайы шақыртылған профессорлар бағдарламасының шеңберінде ҚазҰУ-да болып, Жапониядағы білім беру жүйесі туралы дәрістер оқыды. Профессор ОКАДА Акито Нью-Йорк университетінде (АҚШ) магистрлік диссертациясын қорғап, Оксфорд университетінде (Ұлыбритания) докторлық диссертациясын қорғаған және SCOPUS рейтингтік басылымдарында жарияланған бірқатар ғылыми мақалалардың авторы.
Жапониядағы жоғарғы оқу орындарындағы білім беру жүйесі мен оқыту әдістері, білім беру жүйесіндегі мәселелер туралы дәрістен кейін Қиыр Шығыс кафедрасының оқытушылары халықаралық білім беру кеңістігіндегі ҚазҰУ-дың жетістіктерімен таныстырды.
«Менің Қазақстанға алғаш сапарым әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен байланысты болғанына өте қуаныштымын. Университеттің професор-оқытушылар құрамымен және танымы жоғары студенттерімен ғылыми пікір алмасқаныма ризамын. Университеттің аудиторияларының заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуі және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бас кампусының территориясының ауқымының кеңдігі мен әдемілігі мені таң қалдырды», - деп атап өтті профессор ОКАДА Акито.



