Қиыр Шығыс кафедрасының студенті Жапонияның Экономика, сауда және өндіріс министрлігі (METI) ұйымдастырған «FY 2018 METI Japan Internship Program, Technical Cooperation & Emerging Market Development Program» бағдарламасы аясында Токиодағы Chiyoda Technol Corporation (株式会社千代田テクノル) компаниясында тағылымдамадан өтті. Аталған сауда-саттық компаниясы өз қызметін атом энергетикасы бойынша жүргізіп, осы салада қолданылатын арнайы құрал-жабдықтарды шығарумен айналысады. Компания негізінен өнімге тапсырыс беруші клиент пен өнімді шығарушы компания арасындағы бизнес-делдал ролін атқарады.
Аударма қызметі, іскери кездесулерді ұйымдастыру, ағылшын және орыс тілдерін оқыту, күнде өткізілетін таңертеңгілік жиналыстар – барлығы біздің студенттерімізге жапондардың ұйымдастырушылық мәдениетінің ерекшеліктерін түсінуге, сонымен қатар өздерінің «Аударма ісі» мамандығы бойынша дайындықтарының деңгейін көрсетуге жағдай жасады.
Тағылымдаманы JETRO (Japan External Trade Organization) қаржыландырды. Бұл біздің студенттерімізге университетті аяқтағаннан кейін жапон компанияларына жұмысқа тұруға мүмкіндік береді. Қазақ ұлттық университеті студенттерінің жапон тілін меңгеру деңгейі жағынан болсын, мекеме тарапынан шәкіртақы иегерлеріне қойылатын басқа да талаптар жағынан болсын іріктеуде сүрінбей жылдам өтіп кететіндігі компания тарапынан атап көрсетілді.
Жапон компаниясында тағылымдамадан өткен студентіміз Османова Мухаббат «Тағылымдама барысында менің дүниетанымым кеңейді, жапон компанияларының мәдениеті туралы түсінігім мүлдем басқа деңгейге көтерілді. Жапон және ағылшын тілдері бойынша тәжірибе жинақтау, өздерінің жеке қызығушылықтары бар әртүрлі жастағы білімді адамдармен танысып араласу – осының барлығы маған өз-өзімді дамыту жолдарын білуге, кәсіби дағдыларымды жетілдіруге көмектесті. Әрі мен арқылы Қазақстан мен Жапония арасындағы ғылыми-зерттеу саласындағы қарым-қатынастарды дамытуға ықпал етті деген ойдамын» - деп, өз пікірін білдірді.