Гуманитарлық
Факультет жаңалықтары мен оқиғалары

«Like Almaty» туристік компаниясының ұйымдастыруымен кездесу өтті

27.03.2019

     «Like Almaty» жобасының аясында Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы,арабтану бөлімінің 1,2 – курс студенттері 1,2 – курс магистранттары қатысқан кездесу өтті.

     2019 жыл наурыз айының 13-жұлдызында Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасында «Like Almaty» жобасының аясында Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы,арабтану бөлімінің 1,2 – курс студенттері 1, 2 – курс магистранттары қатысқан кездесу өтті.        

     Кездесуге «Like Almaty» туристтік компаниясының өкілі Зайкенов Нұрсұлтан, «HIKMET TRAVEL» қажылық компаниясының бас директоры Дүйсенов Айдос, «Kex» маркетинг агенттігінің негізін қалаушы Абдуллаев Расул қатысты. Сондай-ақ, кездесуде факультет деканы Палтөре Ы.М. мен арабтану бөлімінің меңгерушісі Көптілеуова Д.Т. болды.

     Кездесу барысында Зайкенов Нұрсұлтан студенттерге жобаны қысқаша бейнеролик арқылы таныстырып, кейін жоба мақсаты мен бағытын түсіндірді. Туристтік компанияның келгендегі мақсаты – Қазақстан туризміне жас мамандарды баулу, соның ішінде араб тілін меңгерген жолсеріктердің тапшы екенін ескере отырып, арабтанушы студенттерді Қазақстан туризмін дамытуға үлес қосуға шақырды. Осы мәселе бойынша компания арнайы коуч-сабақтар өткізуге, жолсерік мамандарды даярлайтын арнайы тренингтерге қатыстыруға дайын екендерін жеткізді.

     «HIKMET TRAVEL» қажылық компаниясының бас директоры Дүйсенов Айдос өз сөзінде «Әр мемлекетте жағымды және жағымсыз жақтары болады. Сол кемшіл тұстарының орнын – тек жоғары сапалы қызмет көрсету ғана толтырады» деп атап өтті.

     Факультет деканы Палтөре Ы.М. «Бұл жобаны сіздермен таныстыруымыздағы бірінші себеп: елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, жастарды студент кезінен өмірге бейімделуін қамтамасыз ету болып табылады. Екінші себеп: сіздер осындай жобаларға үлес қосу арқылы, маман ретінде біліктіліктеріңізді арттырып, тәжірибе жинақтап, факультетіміздің Қазақстандағы ең сапалы ориенталистика орталығы екендігінің тағы бір дәлелі бола аласыздар» деп, сөзінің соңында студенттермен өзінің туризм саласындағы тәжірибесімен бөлісті.

     Кездесу барысында аудиторияда қонақтар мен студенттер арасында сұрақ-жауап түрінде қызықты пікір алмасу болып, еркін байланыс орнады. Студенттерде жобаға деген қызығушылық пайда болды, сұрақтар қойылып, оларға сәйкес нақты жауаптар берілді. Жас маркетолог Абдуллаев Расул өз саласындағы жетістіктерге жетуінің сырымен, тәжірибесімен бөлісіп, студенттерді жігерлендірді. Арабтану бөлімінің меңгеруішісі Коптилеуова Д.Т. бұл ұсыныстың арабтанушыларға өте ұтымды болатынын атап өтіп, ұйымдастырушыларға арнайы жүйе бойынша 1- курс студенттерін даярлау бағдарламасын енгізуді ұсынды.