Гуманитарлық
Факультет жаңалықтары мен оқиғалары

«Шығыстану» бойынша олимпиада өтті

29.03.2019

Шығыстану факультетінде «Шығыстану» мамандығы бойынша XI Республикалық студенттік пәндік олимпиада өтті.

Биылғы жылы олимпиаданың өтуіне Цукуба университеті (Жапония), Цукуба университетінің профессоры Ниномия Такаши мырза зор демеушілік көрсетті. Сонымен қатар, «Ичикава» мектебінің директоры Наоюки Канки мырза арнайы қонақ болып қолдау танытты. Бұл жолғы Қиыр Шығыс кафедрасының жапонтану бөлімі секциясына ҚазҰУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дан он сегіз студент қатысты.

Олимпиада екі тур бойынша ұйымдастырылды. Бірінші турда студенттер жапон тілінде эссе жазып тіл, тарих бойынша тест тапсырмаларын орындады. 18 адамнан 9 адам бірінші турдан сәтті өтіп, олимпиаданың екінші турында қазылар алқасының назарына жапон тілінде Жапон елінің өзекті мәселелері бойынша студенттердің арнайы баяндамалары ұсынылды.

Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасы жапон тілі бөлімінің студенттері екі айналымның нәтижесінде келесі жүлделі орындарға қол жеткізді. Бірінші орынды төртінші курс студенті Скатов Алишер иелік етсе, екінші орынды үшінші курс студенті Ғалым Асем және екінші курс студенті Жүніс Фариза жеңіп алды. Ал үшінші орынды төртінші курс студенті Сайдалиева Дилинур, үшінші курс студенті Ыбышева Дина, екінші курс студенті Бітіс Гүлнұр иеленді.

Шығыстану факультетінің білім беру базасы негізінде өткізілетін «Шығыстану» мамандығы бойынша республикалық пәндік олимпиада зор маңызға ие. Студенттердің бұл сынға қатысуы таңдалған пәнге, таңдаған мамандықтарға және ғылыми-зерттеу жұмысына қызығушылығын арттырып, жетістіктерге жету ұмтылысын күшейтіп қана қоймай Қазақстандағы шығыстанудың дамуына өз ықпалын тигізеді.

Олимпиада аясында жеңімпаздар арнайы дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталып, барлық қатысушыларға естелік бұйымдар табысталды.