Гуманитарлық
Факультет жаңалықтары мен оқиғалары

Қытайтану кафедрасының профессоры Алдабек Нұржамал Әбдразаққызы “Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстардың бүгіні мен ертеңі” тақырыбында Жетісу жастарына дәріс оқыды.

05.04.2019

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры “Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстардың бүгіні мен ертеңі” тақырыбында Жетісу жастарына дәріс оқыды. Алматы облысының ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған жиынға Талдықорған политехникалық колледжінің 100-ге жуық студенті келіп қатысты.Қытайтану бағытына 15 жыл жұмсаған ҚазҰУ профессоры Нұржамал Алдабектің сөзінше Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынас қоғамда үлкен резонанс туғызып отыр. Салдарынан екі ел арасындағы байланысқа селкем түсіретін үдеріс жүріп жатқанын айтады. Ал, облыстық ішкі саясат басқармасының өкілдері аталған проблеманы, алдымен, студенттерге түсіндіруді жөн деп тапқан екен.

— Мақсатымыз бұл тақырыпты халыққа жан-жақты түсіндіру. Екі ел арасындағы қатынасты бұзуға қызығушылық танытатын, қазақ-қытай байланысын теріс жолға салуға ұмтылатын сыртқы күштердің бар екенін де ескеруіміз керек. Бұдан Қытай да Қазақстан да ештеңе ұтпайды. Ұтатын тек іріткі салушылар ғана. Сондықтан біз бұның жақсы-жаман жақтарын жақсылап талдауымыз керек. Негізі, мемлекеттердің достары болмайды, тек мүдделері болады. Әр мемлекет өз мүддесі тұрғысынан әрекет етеді және соны қорғайды. Ал, екі ел арасындағы жағдайды шиеленістіру біздің мүддемізге қайшы. Оған кедергі болатын факторлар, яғни, қос елдің қарым-қатынасында көлеңкелі тұстар барын айтып, ушықтырып отырғандар бар. Бұл жай ғана қорғыныш (ксенофобия). Екі ел арасында халық дүрлігетіндей мәселе жоқ, — дейді, қытайтанушы Нұржамал АЛДАБЕК.Студенттерге арналған лекцияда Қытай стратегиялық тұрғыда Қазақстанның маңызды әріптесі екені, екі ел арасында сауда-экономикалық әрі саяси байланыс ғасырлар бойы жүргізіліп келе жатқаны айтылды. “Сондықтан аспанасты елімен достық қарым-қатынасты сақтау мемлекеттің басым бағыты” деді дәріс оқығандар. Бір жарым сағат Қазақстан-Қытай байланысы туралы тыңдаған студенттерден не түсінгенін сұрап көрдік.

Рахат РАШИДОВ, Талдықорған политехникалық колледжінің студенті:— Екі ел арасындағы байланыс тұрақты екенін, қытай елі Қазақстан экономикасына көп мөлшерде инвестиция құйғанын естідім.

Сосын, қос мемлекет арасындағы тауар айналымы жоғары екенін, Қытай бізге жау емес екенін түсіндім.Жиын соңында Алматы  облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам АЛПЫСБАЕВ дәріс оқыған профессорларға Лепсіден жеткізілген бал сыйлап, өзін ҚазҰУ-да оқытқан ұстаздарына алғыс айтты.


Ербол Ілияс -05.04.2019